Алматыдағы Француз үйі жұмысын қайта бастады. Көпке танымал сауда нысаны тәртіпсіздік кезінде қатты зардап шеккен еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұзақылар орталықтан опа-далаптар мен иіс суларды тонап, ғимараттың астаң-кестеңін шығарған еді. Әсіресе бағалы заттар сатылатын бөлімнен қымбат бұйымдар жоғалып, шығын мөлшері 5 миллиард теңгеден асты дейді мекеме басшылығы. Бірақ қысқа мерзімде қайта қалпына келтіріліп, жаңа жұмыс кестесі жасалып отыр. Енді орталық төтенше жағдай аяқталғанша таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Әзірге тек парфюмдер мен бояулар сатылатын бөлім ашық. Алдағы уақытта басқа да бөлімдері іске қосылады.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында екі күннің ішінде орталығымыз қайта қалпына келді. Тезірек ашылып, тұтынушыларымызды қуантуды мақсат еттік. Әдеттегі режимге қайта кірісуіміз үшін қызметкерлеріміздің бәрі тынымсыз еңбек етті», – деді орталық Француз үйінің басқарушысы Ақмарал Байбағысова.
Осылай аз уақытта қайта еңсесін түзеген Француз үйінің басшылығы алматылықтарға қуанышты жаңалығын жеткізді. Орталық өз тұтынушылары үшін опа-далап пен иіссуларға 40 пайыз жеңілдік жасап отыр. Бұл науқанға қала халқы ризашылығын білдіруде.
«Біз өте қуаныштымыз. Телеарналар арқылы орталықтың күйреген күйін көріп, көңіліміз түскен еді. Енді осылай аз уақытта қалпына келгеніне қуаныштымыз. Міне, қазір бәрі бұрынғы қалпына оралды», – деді қала тұрғыны Андрей Переверзин.