Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қала тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Кездесу барысында Бостандық ауданының тұрғыны Үлкен Алматы жағалауын абаттандыру мәселесін қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалада өзендер маңызды рөл атқаратындықтан, Кіші Алматы және Есентай өзендерінің арналарын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ абаттандыру бойынша азаматтардың барлық санаттары үшін серуендеу, бос уақыт үшін қолайлы орта құру жұмыстары қарастырылуда.
«Биыл жаяу жүргіншілер аймағын тазарту, дуалдар мен қоршауларды дұрыс жасау, әл-Фарабиден Сайранға дейін серуендеу аймағы жеткілікті үлкен болуы үшін жарықтандыру жобасын жасауды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті әкім және қала тұрғындарын Жасыл экономика басқармасымен бірлесіп осы жұмысқа қатысуға шақырды.
Қазіргі уақытта селден қорғау бөгетінен Сайран көліне дейін өзенді жайластыру бойынша жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, тауларды, Тұңғыш Президент саябағы мен Сайран көлін өзара байланыстыра отырып, жасыл дәлізді қалпына келтіруге, желдетуге арналған дәлізді қамтамасыз етуге және инклюзивті қауіпсіз орта құруға мүмкіндік болады.
Абаттандыру жұмыстары келесі жылы басталады. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау мерзімі — 2021 жылғы желтоқсан.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың екінші есеп беру кездесуі пандемияға байланысты онлай форматта өтті. Сұрақтар қоюға ниет білдіргендердің барлығына 1308 бірыңғай желі телефоны жұмыс істейді. Онлайн көрсетілім Facebook және қалалық әкімдіктің, «Алматы» арнасының, OpenAlmaty және StopCOV сайтында көрсетілді.