Президент Жолдауын жүзеге асыру Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар Басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ШОБ-ты жан-жақты қолдау және пандемияның жағымсыз экономикалық салдарын еңсеру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Оның ішінде, Президент қазақстандық өңдеу өндірістерін шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін реттеуші тетіктер әзірлеуді тапсырды.
«Біз бұл өзгерістерді қатты күтеміз, өйткені қаланы өңдеудегі тамақ өнеркәсібі шамамен 40% құрайды. Шикізатты батыс өңдеу компаниялары таргеттейді және олар тиімді бағада сатып алуға дайын тұратындықтан, кәсіпорындар қиындықтарға тап болады. Егер заңнамамен тиісті регламенттеуші өзгерістер енгізілсе, ал бұндай өзгерістер төтенше жағдай кезінде енгізілген болатын, сол кезде біздің компаниялар тиімді бағамен шикізатқа қол жеткізді», – деді Еркебұлан Оразалин.