Алматыда Жеңіс күнінің 78 жылдығы аталып өтілді. 28-панфиловшілер саябағында ұйымдастырылған іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
9 мамыр Жеңіс күні біз үшін «Даңқ» мемориалына гүл шоғын қойып, ардагер бабалардың рухына тағзым етуден басталады. Бүгін де сол дәстүрге сай, 28-панфиловшілер саябағына жиылған жұрт сұрапыл соғыста опат болғандарды еске алып, іс-шараны үнсіздік минутымен бастады. Ел есіндегі ерлерге тағзым жасап, мәңгілік алауға гүл шоғын қойғандардың ішінде қала әкімі Ерболат Досаев пен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен әскерилер, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары бар.
– Қазақстанның өзінен 500-ге тарта Совет Одағының батыры шыққан. Қазақстанның бұл соғысқа қосқан үлесі өте зор. Қазақстан болашағы бабалар жолын жалғастырар өздерің арқылы жарқын болады үмітім зор, – деді ҰҚК ардагері, генерал-майор Амангелді Құрманғалиев
Негізгі іс-шарадан соң қала басшысы Алматыдағы ардагерлерді құттықтап, оларға майдан даласындағы ерлігі мен бейбіт күннің өтеуі үшін алғыс айтты. Ақпар үшін айтайық, Алматыда 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан 56 ардагер тұрады.
– Біз бүгінгі ұрпаққа тыныштық сыйлай алғанымыз үшін өте қуаныштымыз! Сендерге эстафетаны беріп кетеміз. Бақытты болыңдар! Отанды сүйіңдер, біз сияқты қорғаңдар,– деді соғыс ардагері Бейсенғали Жұбаниязов.
– Отанын қорғап, қан майданда жанын берген тек ата-анам емес, барлық баба рухына бас иемін. Жаны жәннатта болсын, – деді қала тұрғыны Ділбар Мұхтарова.
Аталған саябақта әскери техникалардың көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ ресми іс-шарадан соң жалғасын тапқан мерекелік концертте майдан әндері мен соғыстан кейінгі шығармалар орындалды.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы