Алып шаһардың туған күнінде Мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері ойыншық, бұйымдар жасаудан шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың әрбір бұрышы әсемдене түсіп, бір көргеннен жұртшылықты мерекелік көңіл-күйге бөлеуде. Абай алаңында мерекелік концерттің ерекше тұсы – қуыршақтар әлемі. Мемлекеттік қуыршақ театрының 30-ға жуық әртісі ашық аспан астында ұлттық нақыштағы батырлардың, заманауи мультфильм, ертегілер, комикс және танымал кейіпкерлердің костюмдерінде түрлі қойылым сахналап, халыққа мәдени демалыс сыйлады.
– «Думан» қойылымы 20 жылдан бері сахналанып келеді. Түрлі қуыршақтың жинынтығы концерттік бағдарламаға негізделген. Украин, армян биі бар. МузАрт тобының қуыршағы ән айтады. Қала күнінде алматылықтарға мерекелік концерт қоямыз, – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Қабдыл.
Қала күніне Мемлекеттік қуыршақ театры шеберлік сағатын өткізеді. Шеберлердің әуелі қуыршақтың денесін жасау үшін ағашын таңдайды.
– Шеберханадан қуыршақтарды, бөлшектерді, құрал-жабдық, саймандарды алып келдік. Сахнадағы сиқырдың қалай туындайтынын, қуыршақтарды қалай жасалатынын көрсетеміз. Бұл – өте ұзақ процесс, бірақ қатысам деушілерге оңай құралатын бөліктерді дайындап келдік, – деді шебер Болат Аманқұлов.
Қуыршақтар шеруі мен шеберлік сабақтары көрермендерді ертегілер еліне жетелеп, рухани ләззат сыйлады. Сахналық қойылымдар кешке дейін жалғасып, қаланың басқа да жерінде өтеді.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Биыл «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен кімдер марапатталды