№5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Лаура Малдыбаева қаланың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында карантин кезінде қала тұрғындарының медициналық қызметтерді қалай алатындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі және медициналық мекемелер аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында, қалалық емханаларда онлайн-кеңестер ұйымдастырылды. Кеңес алу барысында пациенттер емделуге тағайындаулар алып, анализ тапсыруға және жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама алды.
«Онлайн кеңес жақсы нәтиже берді. Науқастардың шағымдарын, жан-жақты берілген мәліметтерін тыңдау арқылы антибиотикотерапия қажет пе, жоқ па, соны анықтауға болады», – деді Лаура Малдыбаева.
Онлайн-кеңес дәрігерлерге науқастарды қадағалауға, уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Онлайн-кеңестер маусым айынан бері өткізіліп келеді. №5 қалалық емхананың 3000-нан астам пациенті, оларды қызықтыратын мәселелер бойынша онлайн кеңес алды.
«Күніне бір дәрігерге 30 онлайн-кеңес беріледі. Кеңестер түрлі бағыт бойынша жүргізіледі. Көбінесе пневмония, ентігу, кеуде аймағындағы ауырсыну, дене қызуының жоғарылауы мәселелері бойынша кеңес беріледі. Көбіне терапевтік бағыт бойынша кеңестер беріледі», – деді Лаура Малдыбаева.