Алматыдағы су арналары жаңаша көмкерілмек. Бұл туралы қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская Алматы арнасының тікелей эфирінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн-презинтация кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
12 үлкен өзен Алматы арқылы өтеді. Оның ішінде биыл Есентай, Жарбұлақ, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бойындағы аумақты абаттандыру жоспарлануда. Боралдай, Тастыбұлақ, Қарағайлы өзеніне жобалау жұмыстары басталды. Негізгі ұстаным – қаланың табиғи көркін сақтай отырып, аумақты абаттандыру, деді басқарма басшысы.
«Биыл қаладағы негізгі су арналары мен гидротехникалық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз. Бұл жоспарға 3 қалалық жағажайды абаттандыру жұмыстары да кіреді. Жаңа құруда алматылықтардың ой-пікірі толығымен ескеріледі. Оның жобасын жасақтауда тұрғындарға белсенділік танытуын сұраймын», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың қыркүйегінде «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданған болатын. Басты мақсат – қаланың жасыл қорын қалпына келтіру және оны дамыту. Бұл орайда өткен жылы 282 мың көшет отырғызылған еді. Биыл да жасыл желекті көбейту көзделіп отыр. Одан бөлек, екі сағатқа соызлған тікелей эфир барысында қаладағы саябақ санын арттыру мәселесі де сөз болды. Қазір қала аумағында ең ірі Тұңғыш Президент саябағы мен Орталық демалыс саябағы бар екені белгілі. Енді мұндай көрнекті демалыс орындары әр ауданда бой көтеруі тиіс деді қала әкімі. Осыған байланысты биыл 9 жаңа саябақ аймағының құрылысы басталады.
«Мәселен, өткен жылы Алатау ауданының Қарасу ықшамауданында бос жатқан жерге керемет саябақ пен амфитеатр орналастырдық. Одан бөлек жөндеу жұмыстары «Дружба» мен Шухов атындағы саябаққа да жүргізілді. Тағы бір айта кететін жайт, Түрксіб ауданында жаңадан «Желтоқсан» саябағы құрылды. Онда балалар мен спорт алаңдары қойылды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.