|
30.06.2022 | 16:03
2591

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі Almaty.tv

Алматыда Баум тоғайын абаттандыруға арналған ауқымды жоба әзірленіп жатыр. Соның аясында 150 гектар жер көріктендіріледі. Бұл туралы Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарына есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Түрксіб қаланың тарихи ауданы болғандықтан инженерлік желілері тозған. Қалаға кейіннен қосылған шағын аудандарда су, кәріз құбырлары енді тартылып жатыр. Аудан халқын көбіне толғандырған осы мәселе. Мысалы «Жас Қанат» ықшам ауданының тұрғыны су, кәріз құбырларын салып жатқан мердігерлердің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, құрылыс созбаққа салынып кеткен. Әкім өз кезегінде жауаптыларға жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

«Жас Қанат» елді-мекенінде 10 жылдан астам уақыт болды ауыз су жоқ. Кәріз жүйесі жоқ. Өткен жылы бастады, бірақ әлі айтарлықтай ештеңе істелген жоқ: 3 ай бір жерді қазған болып, техника жұмыссыз тұрады. Бұл әдет пе, жоқ жоғарыдағылардың сенетін, тіреп тұрған біреуі бар ма? Кім біледі...Биыл бітетін шаруа емес секілді», – деді аудан түрғыны.

«Жас Қанат» бойынша бізде 2 жоба іске асырылып жатыр. Олардың бірі - КНС, оның үшеуінің біреуі салынды. Қалғанының құрылысына мердігер «АлматыИнжстрой». Су және кәріз жүйелеріне байланысты «ГНБ Мед» пен «Жасыл ел» құрылыс компаниялары жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін бәрін аяқтауды көздеп отырмыз», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин.

Сонымен қатар жұрт өрт сөндірушілердің ұзақ уақыт келмейтініне шағымданды. Мұндай мәселе барын жасырмаған әкім келесі жылы өрт сөндіру деполарының санын көбейтеміз деді. Тағы бір түйткіл - ауданда емханалар жетіспейді.

«Ем алатын жеріміз Жұлдыз, ол жаққа автобус бармайды, бізге Нұршашқанға емхана керек, қашан бізге өзімізге емхана бересіздер», – деді аудан түрғыны.

«Жаңа жоспармен бөлістім, Нұршашқанға таңдаған компания уақытылы жұмысын бітірсе, келер жылға емхана мәселесі шешіліп қалады. 5 жыл деп отырсыз ғой, қалған 1,5 жыл шыдай тұрыңыз енді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ әкім ауданның Солтүстік жағынан әуежайға дейінгі аумаққа тротуар салуды сұраған тұрғынның ұсынысын қолдады. Жүргіншілер жолын салу жұмыстары жетілдіріліп, келесі жылы 50 шақырымнан аса тротуар жөнделеді. Баум тоғайына да ерекше көңіл бөлінбек. Бұл ретте әкім ауқымды жоба дайындап жатқанын мәлімдеді.

«Баум тоғайында скандинавиялық жүрумен айналыса аламыз. Ол үшін рахмет! Енді осы тоғайға зейнеткерлер үшін жаттығу алаңын жасап берсеңіздер», – деді аудан тұрғыны.

«Баум тоғайына қатысты біз 150 гектарды қамтитын жоба әзірлеп жатырмыз. Сонда жаттығу алаңы да, жүру жолдары, асфальт емес одан да сапалы жабындар қолданылады. ҮАК жағалауын ретке келтіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек тұрғындар бұзылып тұрған жерүсті өткелдеріндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатылардың қашан жөнделетінін сұрады. Әкім арнайы құрылғылар қазан айына дейін ретке келтіріліп, вандализмнің алдын алу үшін бейнебақылау камералары орнатылатынын айтты. Айта кетейін, Ерболат Досаев қала халқымен осымен 8-рет есептік кездесу ұйымдастырып отыр. Бұған дейін 7 ауданда осындай жиын өткен. Ендігі кездесу Бостандық ауданында 14 шілдеде өтеді деп жоспарланған.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир