Наурызбай ауданында мектеп пен балабақша саны артады

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жайлы мектеп ұлттық жобасы жүзеге асырылуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы Наурызбай ауданында жаңа мектеп пен балабақша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа құрылыс оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, білім беру саласының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2400 орындық екі жаңа мектептің құрылысын қолға алынды. Екі мектептің бірі «Alem city» ТҮК аумағында орналасқан. Құрылыс жұмысы 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Екінші мектеп «Алма Сити-4» тұрғын үй кешенінде, Алатау даңғылының бойына салынады. Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады. Сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйек айында «Құрамыс», «Шұғыла» шағын аудандарында («Нұрлы Дала» ТҮК) және Сәбденов көшесінде 5500 оқушыға арналған үш қосымша мектептің құрылысы басталды.

Білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Білім басқармасы 375 оқушыға арналған №174 мектеп-гимназия ғимаратына қосалқы ғимарат құрылысын салу бойынша жоба әзірледі. Құрылыс жұмысы биыл қараша айында басталуға тиіс.

Бұған қоса «Шұғыла» шағын ауданында 320 орындық балабақша салынып жатыр. Құрылысты 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

2024 жылға жоспарланған жобалар:  

1. «Шұғыла» ш/а («Нұрлы Дала»  ТҮК) – 320 орындық балабақша;

2. «Құрамыс» ш/а – 320 орындық балабақша;

3. «Қалқаман-2» ш/а –  240 орындық балабақша;

Әрі «Шұғыла» шағын ауданында 320 орындық балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың үшінші тоқсанында басталады.

Мектеп пен балабақша –  білім беру инфрақұрылымын дамытуға және балаларды оқытуға қолайлы жағдай жасаудағы маңызды қадам.

Оқи отырыңыз: Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды

Новости партнеров