Жас таланттар анықталды. Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 мен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер бақ сынаған жас орындаушылар байқауына биыл 222 өнерпаз қатысты. Жыл сайын жобаға қызығатындар саны артып келеді. Аталған конкурста өнер көрсетуге еліміздің әр аймағынан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей музыкалық мектептерінің өкілдері жиналды.
– Басқа елдер қалай екен, біздің деңгейіміз қалай екен? Соны біліп, арамыздан жақсы талантты балалар табу үшін, ол балаларды көтеріп, қолдау үшін конкурстың шеңберінде осындай шеберлік сағаттары, концерттер ұйымдастырылып жатыр, – деді ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, әділқазы мүшесі Айгүл Ғабдуллина.
29 қазан мен 3 қараша аралығында өткен байқауда қатысушылар түрлі аспапта өнер көрсетті.
– Дарынды балалар жиналған. Байқауға қатысушылардың да, концертмейстерлердің де өте тыңғылықты дайындалғаны қуантты. Әділқазылар ұжымының да кәсіби білікті мамандар екенін байқадым. Болашағынан үміт күттіретін көптеген жас талант көзге түсті. Барлығына сәттілік тілеймін, – деді әділқазы мүшесі Дмитрий Овчинников (Өзбекстан).
– Мен бұл мектепке 6-сыныпта келдім. Сыныптастарыма ілесу үшін маған көп дайындалу керек болды. Осындай нәтижеге дайындықтың арқасында жеттім деп ойлаймын, – деді А. Жұбанов атындағы халықаралық «Жас орындаушылар» байқауының Гран-при иегері Құндыз Серікова.
Мектеп оқушылары үшін халықаралық беделді байқауға қатысу маңызды. Жас таланттардың өзіне деген сенімі артта түспек.
Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысының оқушысы әлемнің 21 университетінен шақырту алды