Өткен кездесуде халық тарапынан жолданған хаттамалық сұраудың 70%-ы орындалған. Тағы 21 тапсырма бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бұл – Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінен қорытындысы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер, су, жарық пен жолдан бастап көше атауы мен тұрғындардың жеке мәселесі қозғалған жиын шамамен 3 сағатқа созылды. Шаһар басшысы бұл кездесуде заңсыз құрылысқа ешқандай рұқсаттың болмайтынын кесіп айтты. Ал баспанасыз қалғалы тұрған бұқараның базынасы заңды белшесінен басқандардың мойнында артылады.
«Жайсан тұрғын үй кешені заңсыз салынды дегенге, сүріп тастады дегенге наразылығымды білдіремін. 700-800 отбасы зардап шекті. Осыны өзіңіздің шешіп беруіңізді сұраймыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жұмабек Тоқаев.
«Біз әділетті, Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз. Құрылыс компаниясы қағазын, рұқсат алмағандықтан соттың шешімі шықты. Бірақ өткен жылы «AMANAT» партиясында арнайы кездесу өтті. Құрылыс компаниясына ақша өткіздіңдер, бірақ 700-800 дегенді естіген жоқпын. Бұл ең алдымен құрылыс компаниясының кінәсі, үй салардың алдында қолында бүкіл қағазы болу керек. Жолын қараймыз, не істеуге болады, бірақ бәрі заңға сай шешіледі. Арнайы жұмыс тобы құрылды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Талай мекеменің табалдырығын тоздырған тұрғындар қала басшысымен кездесу барысында тиісті мамандардан жауап алды. Қордаланған күрделі мәселені әкім басқарма басшыларына орындалуы тиіс міндет қып жүктеді.
Нұрлы даланың тұрғынымын. 1 жыл болды көшіп келгелі, бізде магистралды суық су жылда жарылады, бір жылдың ішінде 6 рет жарылды. Трубаны арнайы прокуратура мен комиссия құрып, тексеріп беруін сұраймын. Өйткені ол труба талапқа сай емес», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Данияр Ахметжанов.
«2,5 км. су құбыры сапасы өте төмен. Қазір техникалық комиссияға мен тапсырма бердім, тамыздың аяғында жұмысты бастайды. «Алматы Су» маған бір ұсыныс айтты. Олар осы жылдың аяғына дейін «400-500 метр тікелей магистральды су құбырын салып берсек» дейді. Сұрақтарды қарастырып, комиссия өткеннен кейін шешім шығарамыз», – деді қала әкімі.
«Электр энергиямыз апатты жағдай көп орын алады. Соны «АЖК» АҚ-ға өткізіп беруіңізді сұраймыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Данияр Ахметжанов..
«Әкімнің тапсырмасы бар. Қазір құжаттардың бәрін жинап, қазанның аяғына дейін «АЖК» АҚ-ға өткіземіз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.
Жекелеген мәселелер мен жалпы ауданның жайынан бөлек, кездесуде ел жұртын елең қылған ArtSport жобасының болашағы да сөз болды. Тегін үйірмелерді жаппауды сұраған ата-аналарға әкім қыркүйекке дейін бюджеттік қолдау болатынын айтты. Ал жобаның ғұмыры республика көлемінде шешіледі.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы