Алматының Жетісу ауданында домбыра мектебі ашылды

almaty.tv
almaty.tv
Айнабұлақ шағын ауданында бірнеше спорт секциялары мен шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмысын бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу ауданы тұрғындары мен оқушылары үшін биылғы оқу жылы қуанышты жаңалыққа толы. Айнабұлақ шағын ауданында бірнеше спорт секциялары мен шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмысын бастады. Соның бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде домбыра мектебі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мақсат – балалардың бойында халық шығармашылығына деген сүйіспеншілігін ояту, бос уақытын тиімді өткізу. Үйірме тегін жұмыс істейді. Мектеп жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асқан. Қараусыз қалған ғимартқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілген.

«Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Домбыра – қазақтың өмір тарихы бүкіл саналы ғұмырын, қуанышын, жұбанышын осы әуезді домбыраның әуенімен жеткізе білген. Сондықтан да бұл қасиетті орталықтың ашылуы қазақ руханиятына деген сүбелі үлестің жарқын бейнесі деп білемін», – деді қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Сабақты Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерватория студенттері өткізеді. Үйірмеге бүгінге дейін 100-ден астам бала жазылып үлгерген. Күніне 4 топқа сабақ санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

«Мен домбырамен айналысып келе жатқаныма екі жыл болды. Осы осы домбыра мектебіне қатысып, білімді артқым келеді. Өте қатты қуаныштымын және рақметімді айтамын», – деді қала тұрғыны Ақниет Кенжебаева.

Новости партнеров