Бүгін Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың және білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының қатысуымен Білім басқармасының алқа отырысы өтті. Отырыс жұмысына қоғам белсенділері және үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыс барысында жекеменшік білім беру ұйымдарының Республикалық Қауымдастығының төрайымы Роза Садықова сөз сөйледі.
«Бала туу көрсеткішінің өсуі, қолданыстағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қуатының жетіспеушілігі бұл нарықтың ауқымды екенін көрсетеді. Жалпы, біз жекеменшік мектепке дейінгі секторда жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбие - білім беру қызметтерін көрсетудегі әлеуетін ғана емес, сонымен қатар ата - аналардың көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттанушылығын да көрсетті»,– деп атап өтті ол.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезектілікті төмендету және басқа да мәселелерді шешу мақсатында Алматы әкімдігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік білім беру тапсырысымен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі жастағы балаларды күтіп-бағуға арналған шығыстарды жергілікті бюджеттен субсидиялау туралы ұсыныс жасады. Бұл шара сондай-ақ жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді, мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік балабақшаларда ата-аналар төлемін теңестіруді көздейді.
«Алматы әкімдігі қабылдаған іс-шаралар қаламыздың жекеменшік мектепке дейінгі білім беру кәсіпкерлігін дамытуға қолайлы жағдай жасайды және ынталандырады. Мұндай іс-шаралар біздің бәрімізге артқа шегінбей, бір орында тұрып қалмай, алға жылжитынымызға, өз жұмысымыздың нәтижесін көретінімізге сенімділік береді»,– деді ол Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына дейінгі балаларды күтіп-бағуға арналған шығыстарды жергілікті бюджеттен субсидиялау туралы осы ұсынысқа бастамашылық еткені үшін алғысын білдіріп.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының Білім басқармасы жеке білім беру ұйымдары Қауымдастығымен бірлесіп, мемлекеттік тапсырыспен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдармен тамақтану үшін жергілікті бюджеттен субсидиялау мәселесін талқылау бойынша жұмыс жүргізуде.
«Біз жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жекеменшік ұйымдарда төлемақыны өтеу бойынша конкурсқа жіберудің мынадай талаптарын (критерий) ұсындық. Бұл мектепке дейінгі ұйымның мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы нормативтік актілерге сәйкестігі. Таңдау мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша шартта көзделген өнім берушінің міндеттемелерін орындау бойынша мониторинг нәтижелеріне негізделетін болады», – деп түсіндірді Р.Садықова.
Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыспен жекеменшік балабақшаға баратын балалардың ата-аналары тамақтану шығындарын бұрынғы көлемде төлейтін болады. Субсидиялау балалары алғаш рет мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарға мемлекеттік тапсырыспен баратын ата-аналарға ғана қатысты болады.Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру аясында жергілікті бюджеттен субсидиялау есебінен қаржыландырылған білім беру қызметтері мен тамақтану бағасын өтеу жолымен тұтынушының қалтасына түсетін салмақты (жүктемені) азайтады.