Алматыда жастарға арналған Халықаралық пікірталас және зерттеу орталығы ашылды

Алматыда жастарға арналған Халықаралық пікірталас және зерттеу орталығы ашылды
Мұғалімдер де осында оқып, мектептерде пікірталас клубтарын аша алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда еліміз бойынша алғаш рет жастарға арналған Халықаралық пікірталас және зерттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Тұран» университеті қабырғасында тұсаукесері өткен орталықта оқушылар мен студенттер арасында ағылшын тілінде дебат пен зияткерлік турнирлер ұйымдастырылып, кейін шетелдік беделді сөзжарыстарға қатысу үшін дайындық курстары өтеді. Мұғалімдер де осында оқып, мектептерде пікірталас клубтарын аша алады.

Жалпы, дебат қозғалысы кейінгі жылдары жақсы дамып келе жатыр. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен барлық жоғарғы оқу орындарында қазақ және орыс тілдерінде пікірталас клубтары құрылған.  

«Біздің қазақша және орысша клубтарымыз республикалық деңгейде өзін жақсы көрсетіп келе жатыр. Жақында үлкен жарыс болды. Енді 15 қалада ағылшынша дебатқа қатысатын балалар бар екенін көріп отырмыз», – деді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.

Дебат тек зияткерлік ойын ғана емес, ол сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауды, өз ұстанымын көпшілікке дәлелді түрде жеткізуді үйретеді.

Алматыдағы Халықаралық пікірталас және зерттеу орталығындағы дебат турнирлері мен дайындық курстарына қаладағы кез келген жоғарғы оқу орны, колледждердің ағылшын тілін білетін студенттері қатыса алады.  

«Әлем бойынша халықаралық беделді турнирлер көп. Мұндай шараларға барлық ел қатысады. Қазақстан биыл екінші рет қатысады. Сондықтан бұл тәжірибені үздіксіз жалғастыру үшін жергілікті деңгейде ағылшын тіліндегі турнирлерді жиі өткізу керек. Біз осы іспен айналысамыз», – деді жоба ұйымдастырушысы Алмат Байдүйсенов.

Новости партнеров