Әкіммен кездесу қорытындысы: тұрғындардың қандай мәселелері шешілді

31.01.2024 20:48

Әкімдіктің баспасөз қызметі мегаполис басшысы берген тапсырмаларды атады

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Әкімдіктің баспасөз қызметі өткен кездесу барысында мегаполис басшысының берген тапсырмалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өткен жылдың тамыз айында өткен кездесуде аудан тұрғындары гүлзарлар мен саябақ аймақтарындағы жасыл желектерге күтім жасау, атап айтқанда уақтылы суару мәселесін көтерген еді. Нәтижесінде «Ганди», «Биокомбинат», «Сосновый», «Кіші Ганди» саябақтарында және А.Иманов атындағы саябақта автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды.

Сонымен қатар Байтұрсынов – Төле би – Наурызбай батыр – Бөгенбай батыр көшелерінің бойындағы инженерлік желілердің жиі бұзылатынына тұрғындар шағымданған болатын. Осыған байланысты қалалық қызметтер ұзындығы 3,6 км және 0,3 км жылу желісі бар 6 учаскеде су құбырын реконструкциялады.

Сондай-ақ қала тұрғындарының өтініші бойынша Төле би көшесінің бойымен Чокин көшесінен Байзақов көшесіне дейін және Райымбек даңғылының бойымен Механика көшесінен Әуезов көшесіне дейін жалпы ұзындығы 1 км тротуар салынды. Қыркүйек айында Панфилов көшесінің Қабанбай батыр  мен Гоголь көшесіне дейінгі учаскесінде тас төселді.

Байсейітов көшесі мен Сейфуллин даңғылының бойындағы үйлердің тұрғындары аулаларды ұзақ жөндеуге қатысты шағымданған болатын. Нәтижесінде қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазан айында 9 күрделі жөндеу және 50 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс аясында балалар алаңдары, тренажер орнатылып, жарықтандыру жаңартылды. Сондай-ақ Гоголь көшесі мен Абылай хан даңғылындағы 20 үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмысы жүргізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша ауданның 8 учаскесінде су басудың алдын алу мақсатында ұзындығы 2,7 км арық желісі реконструкцияланды.

Аудан тұрғындары үйлерді және әлеуметтік нысандарды үздіксіз электрмен жабдықтау мәселесіне алаңдаған болатын. Осыған қатысты Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 4 қосалқы станция реконструкцияланып, 8,5 км электр желісіне жоспардан тыс жөндеу жүргізілді.

Сондай-ақ Әйтеке би көшесіндегі Байтұрсынов пен Досмұхамедов көшелерінің арасын ұзарту жұмысы аяқталды және ағымдағы жөндеумен 29 мың м2 қамтылды.

Оқи отырыңыз:  Алматы әкімі тұрғындармен әртүрлі форматта жиі кездеседі