Алматыда жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 370 жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл 200 көшені жөндеуге 33 бригада мен 143 арнайы техника жұмылдырылды. Мәселен, бір ғана Медеу ауданының 59 көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр мұндағы негізгі 6 көше жөнделген болса, биыл «Думан» ықшам ауданындағы 53 көше жасалады.
Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаевтың халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындардың басым бөлігі дәл осы «Думан» ықшам ауданындағы ескі жолдарды ретке келтіріп беруін сұраған еді.
«Жол мәселесін реттеу үшін орталық көшелер асфальталды да қалған көшелер сол күйі қалып қойды», – деді Медеу ауданының тұрғыны Гүлбақыт Тұрлықожаева.
Аудан әкімі былтыр мұндағы негізгі 6 көшеге қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілгенін айта келе, биыл «Думан» ықшам ауданындағы 53 көшенің жөнделетінін мәлімдеген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
«Биыл 2021 жылдың көктемінен бастап ТОО «Жол» мердігер ұйымымен бірлесіп жөндеу жұмыстарына кірістік. Барлық 59 көшенің биыл 53 көшесін жасау жоспарда бар. Бүгінгі күні 30 көшеде жұмыстар жүріп жатыр», – деді Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Марат Тілесов.
Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды.
«Қазір 30 көшеде көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Жолдың іргетасын таңдау, құмын себу, жүргінші жолы мен арық жүйелерін орнатып жатырмыз. Енді жол жамылғысын төсеуге дайындалып жатырмыз», – деді «Жол» ЖШС прорабы Алексей Федосов.
«Қазіргі таңда Думан шағын ауданында ұзындыға 30,5 км, 59 көшенің жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, негізін қайта орнату және де инженерлік жүйелерді қайта орнату жұмыстары жүргізілуде», – деді қалалық мобилділік басқармасы көше-жол желісі бөлімінің бас маманы Бек Әбдіғаппаров.
Жалпы мегаполисте биыл 200 көше және 250 мың шаршы метр жол жамылғысы жөнделеді. Қазіргі кезде 66 мың шаршы метрден астам жерде жөндеу жұмыстары аяқталған. 683 люк көтеріліп, 520 метр бордюр тастары реттелді. Сондай-ақ, Саин мен Торайғыров, Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көшесіндегі жолайрықтарын жөндеу жұмыстары басталды.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаева, «Алматы» телеарнасы