Мемлекет басшысының Алматыдағы Оқушылар сарайына сыйға тартқан арнайы автобусы мекеме ұжымына табысталды. Жаңа көлік жеткіншектерді түрлі байқау, жарысқа апару үшін таптырмас құрал болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Автобус заманға сай барлық талапқа сай. Әртүрлі ауа райында алысқа сапар шегуге арналған. 4 бейнебақылау камерасымен, желдету және жылыту жүйелерімен, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған пандуспен жабдықталған.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға сапары кезінде сарай ұжымына мектеп автобусы берілетіні айтылған еді.
«Алыс аудандардан келетін балаларды тегін тасымалдауға, тегін білім алуына, тегін жетуіне үлкен септігін тигізетін тамаша кұрал, керемет көлік. Сол үшін де Алматы қаласының әкімдігіне, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз», - деді Оқушылар сарайының мұғалімі Мейіржан Жақыпбеков.
Бүгінде Оқушылар сарайын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, оның алғашқы кезеңі аяқталған. Соның нәтижесінде үйірме саны 200-ге жетіп, биология, гидропоника, робот жасау зертханалары мен анимация студиялары ашылды. Алдағы уақытта нысанды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Осы ретте Президент Алматы әкімдігіне ғимараттың обсерваториясын жаңартып, кәсіби телескоп орнатуды тапсырған болатын.
«Жаңғыртудың екінші кезеңінде қысқы бақ ретке келтіріледі. Балалар онда өсімдік баптаумен айналысады. 790 орынға арналған үлкен концерт залы жөнделеді. Бұл – қаладағы барлық мектептің балаларын мәдени шараларға тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Президент ең соңғы үлгідегі телескоп орнатылады деді. Обсерватория түгел реттеліп, қабырғасы бекітіледі», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.