Баум тоғайының экологиялық жағдайын бағалау бойынша зерттеу жұмыстарына қатысқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Бұлқайыр Мәмбетов тоғайда өсетін апатты ағаштарға санитарлық кесу қажет екені туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Орман-патологиялық зерттеу нәтижесінде ағаштар пен бұталардың жапырағы зиянкестердің кесірінен зақымдалғаны анықталды. Бұл зиянкестер жаппай көбейген кезде онсыз да әлсіреген тоғай екпелеріне елеулі зиян келтіруі әбден мүмкін, - деді Бұлқайыр Мәмбетов.
Маман 2023 жылы бейінді ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін тарта отырып, апатты әрі кепкен, қураған, ауруға шалдыққан ағаштарды жоспарлы іріктеп, санитарлық кесу жұмыстары басталғанын атап өтті. Сонымен қатар сәндік тұрғыдан құнды қатты ағаш түрлері (липа, каштан, катальпа, ақ акация, емен) трансплантацияланады. Сау ағаштар үшін Баум тоғайындағы жұмыс жоспарлары бойынша күтім жұмыстары қарастырылған. Атап айтқанда топырақ пен өсімдіктердің жер үсті бөлігіне күтім жасалады (азықтандыру, суару, қопсыту және т.б.).
Қазіргі Баум тоғайындағы ағаштардың орташа жасы-100-140 жыл болған. Тоғай аумағында ағаш және бұта өсімдіктерінің бірнеше түрі өседі, олардың басым бөлігі ұсақ жапырақты қарағаш (Ulmus parvifolia), бүдірлі қарағаш (Ulmus glabra), жапырақты үйеңкі (Aseg platanoides), үйеңкі (Aseg negundo), жапырақты емен (Quercus robur), аласа қайың (Betula pendula), ақ акация (Robinia pseudoacacia), терек (Populus).
Оқи отырыңыз: Баум тоғайы тірі организм іспетті: санитарлық күтімді қажет етеді