Баум тоғайында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың айтуынша, жарамсыз 3000-ға жуық ағашты сүрмесе, келешекте тоғайдан айырылып қалу қаупі бар. Дегенмен оталған жасыл желектің орнына жаңасын отырғызу да қолға алынған.
1 ғасырдан аса тарихы бар тоғайдың жалпы аумағы – 140 гектар. Мұнда жалпы саны 104 мыңға жуық ағаш болса, оның шамамен 3 пайыздан астамы қауіпті жағдайда. Мамандардың айтуынша, егер оларды жаңартпаса, басқаларына ауру таратады.
«Біздің мақсатымыз – жаңа ағаштарды егу. Арасында әртүрлі ауруға ұшыраған, кеуіп кеткен, жартылай сынған ағаштар бар. Солардың барлығын іріктеп, тазартып жатырмыз», – деді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғат паркі директорының орынбасары Ұзақ Мықитанов.
2021 жылдан бері экожүйені қалпына келтіру және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында 4 институт зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ғалымдар 3 мыңнан аса ағашты кесу туралы шешім қабылдаған.
«Қаламызда тұрғындар жапырағы бар ағашты аралап жатқанын көрсе бірден үрейленеді. Бірақ мұндай шешім ғылыми зерттеу жұмыстарынан кейін қабылданғанын түсіну керек. Әр ағаштың өз белгісі бар. Сау ағаштарға ешкім тиіспейді. Егер қазір жаңартпасақ, болашақта тоғайдың жоғалып кету қаупі бар», – деді Ботаника және фитоиндустрия институтының аға ғылыми қызметкері Инга Бабай.
Тоғайды толықтай қалпына келтіруге шамамен 3 жыл кетеді дейді мамандар. Ағаштардың ауруды одан ары таратуын тоқтату мақсатында оларды тамырымен бірге алып тастаудан басқа амал жоқ. Ал сүрілген ағаштар отынға жарамды болса, оларды әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде тарату дәстүрге айналған.
Тығыз орналасқан тоғайдың ішіндегі ағаштардың арасын алшақтату да көзделген. Себебі, орман бүгінде қылмыскерлердің бас сауғалайтын орнына айналып кеткен. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында келешекте тоғай ішіне жарық орнату да жоспарда бар.