Алматының Жетісу ауданында 10 мыңнан астам абонент сапалы сумен қамтылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кемел шағынауданында инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары көзделген. Сондай-ақ жаңадан су және кәріз құбырларын салу жоспарлануда. Қоғамдық көлікті дамыту мәселесі де – қала әкімдігі үшін басым бағыттардың бірі. Бұл ретте биыл 600 жаңа автобус сатып алынбақ. Оның көбі осы Жетісу ауданы тұрғындарының игілігіне берілмек. Шаһар басшысы жолдағы жұмыстарға қатысты да жоспарын бөлісті.
– Биыл 18 көшеде 22 км орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, 2,7 км болатын 10 учаскеде тротуарлар салынады. Жұмыстар маусымда басталады. Жетісу ауданы тұрғындарының өтініші бойынша биыл №56, 123 және 17 бағыттар «Құлагер» ДСК-ға дейін ұзартылды, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Алматы әкімі Ерболат Досаев ауданда көтерме сауданың да дамып тұрғанын айтты. Өндіріс көлемі 15-ке, ал инвестиция 48 пайызға ұлғайған. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл 700-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылмақ, 85 «Сергек» камерасы жол бойына қойылады. Қала басшысы аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылысы да маңызды екенін атап өтті. Кемел шағынауданында биыл 200 адамға арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек. Сонымен қатар қосымша 3 ғимарат мемлекет есебінен сатып алынған. Бұл нысандар халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін емхана ретінде жұмыс істемек.
– Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Боралдай көшесінде 1200 орындық жаңа мектеп құрылысы жоспарланып отыр. №103 және №112 мектепке 250 орындық құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, қосымша ғимарат салынады. Сонымен қатар Айнабұлақ шағынауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.