Алматының Түрксіб ауданында 21 жедел топ жабылған нысандарды бақылауға алған

Алматының Түрксіб ауданында 21 жедел топ жабылған нысандарды бақылауға алған
Дезинфекция жұмыстарына 30 техника мен 50 адам жұмылдырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданында 21 жедел топ жабылған нысандарды бақылауға алған. Бұл туралы Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Алматыда маусымның 20-21 күні карантиндік шектеулер енгізіліп, көптеген нысан өз жұмысын тоқтатқан еді. Осыған орай Түрксіб ауданында жабылған нысандарды бақылайтын 21 жедел топ құрылған.

«Оның 11-і ведомствоаралық, яғни санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әкімшілік өкілдерінен тұрады. Қалған 10 топ тек полиция қызметкерлерінен құралған. Олар сауда орындарын, саябақтарды, өзен жағалауларын аралап, коронавирусқа қарсы орындалып жатқан шектеулердің орындалуын қадағалайды», – дейді Бейсеуов.

Сонымен қатар, ол түскі сағат 14.00-ге дейін Түрксіб ауданы бойынша 780 мың шаршы метр алаң дезинфекцияланғанын жеткізді.

«Оның қатарында 30 көше, 3 парк, 11 саябақ, 1 жағалау және 6 базар, 10 фитнес орталық пен 4 бизнес орталығы бар. Одан бөлек, 4 супермаркет залалсыздандырылды. Үлкен ойын орталықтары кешкі сағат 21.00-ден кейін дезинфекцияланады», – дейді ол.

Дезинфекция жұмыстарына 30 техника мен 50 адам жұмылдырылған. Одан бөлек, 460 литр ерітінді қолданылыпты.

Новости партнеров