|
24.11.2022 | 17:27
2176

Алдағы 5 жылда Алматының 75%-ы 5G желісімен қамтылады

Бүгін ведомство басшысы Бағдат Мусин алматылықтармен кездесті

Алдағы 5 жылда Алматының 75%-ы 5G желісімен қамтылады gov.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы 5 жылда қаланың 75%-ын 5G желісімен қамтуды көздеп отыр. Бүгінде 5G базалық стансасы шаһардың 5 жерінде орнатылған. Сондай-ақ министрлік мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіруді мықтап қолға алған. Бүгін ведомство басшысы Бағдат Мусин алматылықтармен кездесіп, жұрттың сауалын тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілішсі.

Алматы халқымен кездескен Бағдат Мусин цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сөзінше, мемлекеттік қызметтердің 94%-ы электронды форматқа ауысқан. Бірнеше платформада 20 түрлі цифрлы құжат алуға болады. Енді еліміз проактивті жұмыс бағытына көшуі тиіс. Яғни бұдан былай азамат мемлекеттік қызметтерді алу үшін әр жерге барып, табан тоздырмайды, керісінше цифрлық қызметтер адамға бағытталады. 

"Осындай форматқа 26 проактивті қызметті енгізіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз - келесі 7 жылдыққа цифрлық мемлекеттік қызметтерді 90% автоматтандыру емес, 90% проактивті форматқа көшіру", - деді министр.

Биыл қаланың халыққа қызмет көрсету орталықтары 2 млннан астам қызмет көрсеткен. Егер проактивті форматқа көшу сәтті жүрсе, 7 жылдан кейін жұрт халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп әуре болмайды. Сондай-ақ ведомство басшысы биыл құқық қорғау органдарымен жұмыс істеуге арналған «Е-Өтініш» платформасын іске қосқан. 

Министрдің айтуынша, онда азаматтар смартфон арқылы арыз беріп, соттың шешіміне қатысты өз талабын жібере алады. Сол сияқты коммуналдық тұрғын үй бағыты да оңтайландырылады. Мәселен, пәтер сатылған кезде оның коммуналдық төлемдерін жаңа иесіне ауыстыруды тездететін тиімді тәсіл қарастырылып жатыр.

"Сіздің құжатқа нотариус қол қойғаннан кейін, келісіміңізді алып, коммуналды қызметшілерге жібереміз. Олар соны автоматты түрде ауыстыратын болады", - деді Бағдат Мусин.

Осылайша "мың сан қызметті барып, алу керек деп бас қатырмайтын боламыз" деген Бағдат Мусин өз баяндамасынан кейін жиылған жұрттың сұрағына жауап берді.  

"Біздің елде, шыны керек, 4G-дің өзіне қол жеткізу қиындау. Сондықтан 5G туралы айту қаншалықты дұрыс? Бұл желінің құны да қымбат болатыны анық. Сондықтан Қазақстанға керек пе? Өйткені байланыс операторлары 4G үшін күн сайын бағаларын өсіріп жатыр", - деді қала тұрғыны. 

"Біз ғаламдық тенденциялардан артта қалмауымыз керек. 5G ғаламтордағы ең озық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік ашады. Әлемде оның көмегімен машиналар жүргізушісіз жұмыс істеп жатыр. Операторлар арасында күшті бәсекені тудыру үшін байланыс инфрақұрылымын жақсартып отыруымыз керек. Бәсеке болған кезде ғана сапа мен баға да реттеледі", - деп жауап берді министр.

Енді бірі үйлерге газ кіргізу жұмысын халыққа қызмет көрсету орталығына жүктеуді сұрады. Өйткені көгілдір отынды тарту мерзімі жарты жылға дейін созылып кетеді. 

"3 айдан 6 айға дейін газ кіргізе алмай отырмыз. Соны ХҚКО-ға жүктесеңіздер, өте жақсы болар еді", - деді ол.

"Егер осы мәселені ХҚКО-ға кіргізсек, "Алматыға текке келген жоқпыз" деуге болады. «ҚазТрансГаз Аймақпен» келісіп, жарты жылда енгізейік. «ҚазТрансГаз Аймақтың» жаңа жетекшісі қарсы болмайды деп ойлаймын. Компанияның қызметі болса да, олармен меморандумға қол қойып, ХҚКО-ға кіргізу керек", - деп сөзін аяқтады Мусин.

Айта кетейік, Президент «Орталық атқарушы органдардың басшыларын халықпен кездесу өткізуге» міндеттеген. Бағдат Мусин сол жарлықтың аясында Алматыдан бөлек, еліміздің 4 өңіріне барған болатын. 

Назкен Еркін, Рашиддин Якупов, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир