Алматы қаласының жергілікті бюджетіне қанша қаржы түсті

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Мегаполис 99,3 пайызға ауыз сумен қамтылып, 200 шақырым жол орташа жөнделді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының жергілікті бюджетіне 2023 жылы 1 триллион 647 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Яғни жоспарланған жұмыс былтыр 25 пайызға асыра орындалған. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында депутаттар мен басқарма басшылары жылдық есепті бекітіп, 2024-2026 жылдарға арналған қала бюджетіне өзгеріс енгізу мәселесін талқылады. Алқалы жиында алғашқы болып сөз сөйлеген шаһар әкімінің орынбасары қаражаттың көп бөлігі салықтан және негізгі капиталды сатудан түскенін айтты. Асқар Әмриннің сөзінше, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17 пайызға жоғары. Сондай-ақ былтыр басымдық әлеуметтік бағыттарға, коммуналдық шаруашылық саласына берілген. Нәтижесінде мегаполис 99,3 пайызға ауыз сумен қамтылып, 200 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына 3050 пәтер сатып алынып, 14 жаңа жатақхана ашылған.

– Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы 2023 жылғы Алматы қаласы бюджетінің атқарылуы бойынша оң қорытынды берді. Сондай-ақ бюджетті жоспарлау және игерудегі кемшіліктер де ескерілді. Олардың ішінде – қаражатты игермеу. Конкурсты уақытылы өткізбеу, шарттық міндеттерді бұзу, мемлекеттік сатып алудың орындалмау – қаражатты игермеу себептері, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Сессия барысында депутаттар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс-шараларға, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қысқартылған инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған бюджетті нақтылауды қолдады. Қалалық қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбековтың айтуынша, алдағы жылдарға өзгерістер былтырғы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау нәтижесінде пайда болған қаражаттың бос қалдықтары есебінен, сондай-ақ бюджет қаражатын ішкі қайта бөлу есебінен жүргізілмек.

Атап айтқанда, 4 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге ақша бөлінеді. Бұл медициналық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мәдени және білім беру саласына да қаражат салу көзделген.

– Қала бюджеті бөлінген салалар мен бағыттар бойынша орындалды. 2023 жылға қойылған міндеттер шешілді, бұл барлық мүдделі тараптардың алға қойылған мақсатқа қол жеткізудегі және Алматы қаласының дамуын қамтамасыз етудегі нәтижелі жұмыс істегенін көрсетеді. Тиімді жоспарлау және игеру бөлігіндегі жұмыс Мемлекет басшысының алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қойған міндеттерін іске асыруды ескере отырып, жалғастырылатын болады, – деді Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков.

Оқи отырыңыз: Резервтік түсімдер: Алматының жергілікті бюджеті ненің есебінен өсіп жатыр

Новости партнеров