Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Шетсіз қала» қағидатының негізі – шеткі аудандар мен шаһар орталығын жақындастыру.
Алматыны дамытуға бағытталған жоба барлық ауданның дәрежесін бірдей етуге септеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл ретте қалаға жаңа қосылған Алатау ауданында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 15 жоба игеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Одан бөлек, көптен бері қордаланған жолдарды жөндеу мәселесі де оңынан шешілуде.
«Шетсіз қала» тұжырымдамасы халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жоспар. Оның қалай жүзеге асырылып жатқаны қала басшысының жеке бақылауында. «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша шет аудандарды дамыту ісінің қалай орындалып жатқанын өз көзімен көру үшін Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады.
«Қаланың шеткі жағына қала әкімі аса назар аударуда. Өзі келіп, көріп кетті. Біраз тапсырмалар берген болатын. Былтырдан бастап ол жұмыстар жасалып жатыр. Биылдан бастап, Алатау ауданының 9 ықшам ауданда жаңа жол құрылысы басталады. Жалпы ұзындығы 84 шақырым жаңа жол түседі», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Қала әкімімен кездесуде аудан тұрғындарын мазалаған басты түйткіл жолдар жағдайы еді. Дүйім жұрт мүлде жөндеу көрмеген көшелерге асфальт төсеп беруді сұраған болатын.
БЛИЦ:
– Жолымыздың бәрі қазір ойылып-ойылып жатыр. Өзіміз жасадық, тас төгіп қолымызбен жаймаладық.
– Жолды қалпына келтірсе екен.
– Жолды қазды да, бәрінің быт-шытын шығарып кетті. Есіктің алды ойық-ойық, тозығы жетіп, жол жиегін қиратып кетті.
Қазір Алатау ауданында жолды жөндеу мәселесі қолға алынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Бұл істі жеке қадағалауына алған қала басшысы Бақытжан Сағынтаев «Ұлжан» ықшам ауданындағы Жалайыр көшесіне өзі барып, онда жөнделетін 2 шақырым жолмен жүріп өтті. Жалпы Алатау ауданының 9 ықшамауданында 84 шақырымға созылған жаңа жол салынады. Ал ұзындығы 68 шақырым болатын 8 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек.
«Жол 6 метрден 8 метрге дейін кеңейтіледі. Арық жүйесі салынып, екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы салынады. Осындай жұмыстар атқарылуда», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
«Жаңбыр жауғанда қиын. Жер су, балаларға жүруге қиын. Машиналар су шашып кетеді. Қазір міне жол салынып, жақсы болып қалдық. Балаларға өте жақсы. Қолайлы және жаяу жүргіншілер жолын жасайын деп жатыр», – деді қала тұрғыны Ләззат Әмірханова.
Ауданда сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында нәпақа іздеп келгендер жұмыспен қамтылды. Ұзақ уақыт жұмыс таппай жүрген азаматтар бағдарлама аясында еңбекке тартылды.
«Үш ай жұмыссыз жүрдім. Жұмыспен қамту орталығына бардым. Сосын маған жұмыс шықты. Қолымнан келетін жұмыстар болған соң осы жерге келдім.Тас төсеу, поребрик салу. Жалпы жол тротуарлық жұмыстар. Жұмыс өзіме ұнайды», – деді қала тұрғыны Сапарбек Қалыбек.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Момышұлынан бастап Рысқұлованың бойымен Оңғарсыноваға дейінгі абаттандыру жұмыстарымен айналысудамыз. 250 адамды жұмыспен қамту керек. Соның ішінде 50 адамды Жұмыспен қамту орталығынан алуымыз керек. Біз 125 адамды жұмыспен қамтып жатырмыз», – деді құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Қанат Нышанов.
Алатау ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 жоба жүзеге асады. Осылайша қордаланған мәселелер үш жылдық жоспар аясында кезең-кезеңімен толық шешілмек.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы