Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай шаһар тұрғындарын Қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бүгін ару Алматы, әсем Алматы, сүйікті Алматы Қала күнін тойлайды. Оның айтуынша, бұл жолғы тойдың жөні бөлек.
«Тәуелсіздіктің алтын бесігіндегі қуаныш Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңына келіп тұр. Айтары жоқ, Алматы осы жылдар ішінде шарықтап өсті, абаттанды. Бір емес, екі аудан-Алатау, Наурызбай аудандары ашылды. Қала аумағына көрші облыстан 23 мың гектар жер қосылды. Қалабасы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың бастамасымен «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істер қала тіршілігіне зор серпіліс әкеліп, тұрғындар тарапынан әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермеуге жасалып отырған оңды шешім ретінде бағалануда» – деді Қ. Сәрсенбай.
«Алматы қай кезден де шығармашылық шаһары, мәдениет орталығы. Әбіш ағамыз айтқандай, Мәдениет министрлігі Астанаға көшкенімен, мәдениет Алматыда қалды. Бұл элитасы бір шоғыр, тұғырын тұлғалары биіктеткен бекзат шаһар. Сондықтан да мұнда ұлыларын ұлықтау, санадағы рухани сілкініс, рухани жаңғырулар үздіксіз жүріп жатады. Дала мен қала өркениеті тоғысып, базар қаласынан руханият қаласына айналу жолындағы жүйелі жұмыстар да өз жемісін бере бастады», – дейді ол.
Халқымыздың айтулы тұлғалары қаланың қақ ортасында тұғырына қонып, зәулім ескерткішке айналып жатыр. Кеңес тұсында Тәшкенде 30 қазақ мектебі, астанамыз Алматыда екі қазақ мектебі болса, бүгінде оның саны жетпістің үстінде. Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты 23 кітапхана болса, қазір оның бесеуі заманауи технологияға сай қайта жаңартылғанын айтты. Алматыны сағынбайтын қазақ жоқ. Өз тағдырын бұл қаламен байланыстырмайтын адам кемде кем екеніне тоқталып өтті.
«Алаштың жүздеген жылдар бойғы асыл арманына шырақ жағып, азаттықтың алтын бесігін тербеткен, Желтоқсанда шырылдап алаңға шыққан жастардың көз жасын сүрткен шаһар бұл. Оның қадір-қасиеті мыңдаған ән-жырдың арқауына айналды. Оны бір көрген жанның өмір бойына ұмытпасы хақ. Қайсыбір жылы атақты Хэмингуэйдің жары Алатау мен Көктөбе, Шымбұлақты көріп, ес жия алмай кеткені есімізде. Аңыз қала, арман қала туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Әзірге қысқа қайырым тілек-ілтипатпен тоқтайық. Қала күні құтты болсын! Тойың тарқамасын, абат Алматы!» – деп жазды ол фейсбуктегі өзінің парақшасында.