Алматының Достық шағынауданындағы 759 үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа стандарттарға сәйкестік: Ерболат Досаев Алматының Достық шағын ауданындағы инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ерболат Досаев Әуезов ауданын аралау барысында Достық шағынауданындағы су бұру желілерінің құрылысымен танысты. Бұл жұмыс аяқталған соң 759 үй орталық кәрізге қосылады. Жұмысты «Спецкоммунстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы 22 көшеде жүргізіп жатыр, су бұру желілерінің жалпы ұзындығы - 13,7 км. Аудан әкімі Абзал Егембердиев қала басшысына мердігердің жоспарға сәйкес, биыл жыл соңына дейін Тәуке хан, Розыбақиев, Терме көшелеріндегі алғашқы учаскені тапсыруы тиіс екенін, ал барлық жұмысты 2024 жыл IV тоқсанда аяқтау жоспарланып отырғанын баяндады.
Қала басшысы аудан әкіміне, Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшылығына «Алматы Су» және құрылыс басқармасымен бірлесіп 2018 жылы әзірленген жобамен айналысуды тапсырды. Құжат нөсер кәрізі бойынша жаңа нормаларды және басқа да өлшемдерді ескере отырып, жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар Ерболат Досаев алдағы көктемде жол төсемін толық қалпына келтіріп, барлық қызметтің жұмысын үйлестіру қажеттігін атады.
- Бір жерді екі рет қазбас үшін бәрін есептеу керек. Өкінішке қарай, бізде жобалардың көбі ескі. Оларды жаңа стандартқа сәйкестендіру қажет. Бұрын бізде инженерлік желілерді траншея әдісімен төсеу кезінде тек траншея қалпына келтірілді. Бізге жол төсемінің енін қалпына келтіру керек. Инженерлік желілер мен арық жүйесін төсеу, жол төсемін қалпына келтіру және одан әрі көгалдандыру сынды барлығын үйлестіру қажет, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Әуезов ауданындағы барлығы 4 учаскеде сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту қажет. 1960-1970 жылдары салынған инженерлік желілер 90% тозған.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті. Ерболат Досаев арық желісін салу бойынша тоқтатылған жұмыс 2024 жылдың көктемінде қолға алынып, барлық жол төсемі қалпына келтірілетінін хабарлады.
Сонымен қатар қала әкімі Яссауи мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы №158 мектепті жөндеу мәселесіне түсініктеме берді. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, мектеп апатты деп танылды. Қазір оқушы орындарын көбейтіп, қайта құру мәселесі пысықталып жатыр. Бұған қоса, Яссауи және Төле би көшелерінің маңында гүлзар және Шаляпин көшесінде арналған балалар алаңын құруды да тұрғындар өтінген болатын. Ерболат Досаев 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отырғанын, оған сәйкес тұрғындар балалар алаңы мен серуендеу аймақтарын құру және абаттандыру бойынша идеяларды ұсынып, іске асыра алатынын айтты.
- Келесі жылы «Халық қатысатын бюджет» бойынша: қаланың алты ауданына 2 млрд теңге және Алатау мен Наурызбай аудандарына 2,5 млрд теңге сомасын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл әртүрлі идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігін арттырады, - деді Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда бос орындар жәрменкесі өтеді