«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының жүзеге асуына нұротандықтардың көңілі толар емес

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Бақылауға шыққан «Нұр Отан» партиясының өкілдері бірқатар мекемеге ескерту жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаладағы кейбір мердігер компаниялардың жұмысы «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасына сай емес. Бүгін арнайы бақылауға шыққан «Нұр Отан» партиясының өкілдері бірқатар мекемеге ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Комиссия мүшелері жеке меншік компанияларға олқылықтың орнын толтыруға мерзім бекітті. Оны орындамағандарға қандай шара қолданылады?

Біраз уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген Жетісу ауданындағы бұл әскери бөлімшеге құрылысшылар мамыр айында жұмысқа кірісіпті. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 329 млн теңге бөлінген. Ал, шарт бойынша 51 жұмысшының 25-і «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасуы тиіс. Алайда бұл нысанда қазір аталған бағдарламамен 8 ғана құрылысшы жүр.  

Жетісу ауданында орналасқан туберкулезді емдеу диспансерінде де қазір жұмыс қызу. Нысанды тапсыру мерзімі келесі жылдың наурызына бекітілгеніне қарамастан, мердігер компания оны күз мезгілінде аяқтаймыз деп отыр. Бүгінгідей қауіпті індет дендеген шақта емдеу орталықтары аса қажет. Бақылау комиссиясы құрылыс кезінде барынша сапаға көңіл бөлуін тапсырды.  

«Бақылауды күшейтіп отырмыз. Не үшін күшейтіп отырмыз? Біздің Президентіміз де, Сағынтаев мырза да ең бірінші айтатыны мемлекет қаржысын дұрыс жұмсау. Бір аптада ең аз дегенде 25 нысанды тексереміз. Кеше 6 нысанға бардық», – деді «Nur otan» партиясы Жетісу аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Тамара Шакирова.

Бүгінде қала бойынша істерге іс таппай жүргендер саны 13 мыңнан асады. Осындай азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Мәселен, бағдарлама шарапатын көріп отырғандардың бірі – Руслан Әлімбаев. Құрылыс саласында 15 жыл еңбек өтілі болғанмен, бұған дейін тұрақты жұмысқа орналаса алмапты.

«Карантин уақытында жұмыссыз қалып, Жұмыспен қамту орталығына барғанымда, осындай мекемеге жұмысқа тұруға жіберді. Жұмыспен қамту орталығына үлкен рақмет айтамын, осындай қиын қыстау заманда халыққа көмектесіп жатыр», – деді құрылысшы Руслан Әлімбаев.

Қазір Алматыда 220 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың көпшілігі келесі жылдың көктемінде тапсырылады. Бұл тұрғыда мемлекеттен 103 млрд теңге қарастырылған.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров