Алматыда 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмысмен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында, Алматы әлеуметтік әл-ауқат Басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Д.Әлкебайұлының айтуынша, бүгінгі таңда төтенше жағдай кездегімен салыстырғанда, мегаполистегі еңбек нарығындағы жағдай тұрақты.
«Жыл басынан бері қалада 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмысмен қамтылды. Жұмысқа орналасқан азаматтардың негізгі 70%-ы ТЖ режимі біткен кезден, яғни осы жылдың 11 мамырынан бастап орналасқан», — деді Д.Әлкебайұлы.
Жұмысқа орналасқысы келетіндер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады.
«Жұмыссыз қалған, жұмыс тапқысы келетін адамдар жұмыспен қамту орталығына немесе enbek.kz порталына жүгіне алады. Бос орындар бар», — деді ол.
Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыспен қамту орталығының мамандары 6 ауданда тұрғындарды қабылдайды:
- Наурызбай ауданының тұрғындары үшін-Наурызбай ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Мекен-жайы: ш. а. Шұғыла, 347 үй, 2 қабат, 212 кабинет;
- Әуезов ауданының тұрғындары үшін-Әуезов ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, мекенжайы: Алтынсарин даңғылы, 23, 1-қабат, 103 кабинет;
- Алатау ауданының тұрғындары үшін-Almaty Arena ғимаратында, Нұркент ықшамауданы, блок 24 «Qolday кәсіпкерлік орталығы»;
- Бостандық ауданының тұрғындары үшін-Бостандық ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, Айманов көшесі, 191, 2 қабат, 216 кабинет;
- Жетісу ауданының тұрғындары үшін-Жетісу ауданының ХҚКО, мекенжайы: Құлагер ықшамауданы, Серіков к-сі, 6а;
- Түрксіб ауданының тұрғындары үшін – Түрксіб ауданы әкімі аппаратының ғимаратында, мекенжайы: Шолохов көшесі, 9, 1 қабат, 108 кабинет;
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының әкімдігі халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлағандай, биыл 56 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 26 мыңы — «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша, жол жөндеу, көгалдандыру және тағы басқа жұмыстарға тиесілі.