Сұрақ-жауап: Алатау ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

15.03.2024 21:52

Ауданында биыл 37 «Сергек» камерасын орнату жоспарланғанын айтты

Almaty.tv

«Алматыдағы ақылы тұрақ саны 30 мыңға жетеді». Онымен мегаполистің тек орталығын емес, барлық ауданын қамту жоспарланған. Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатау ауданы тұрғындарын толғандырған мәселелердің бірі – солтүстік айналма жолындағы ретсіз көлік қозғалысы мен автотұрақ жайы. Халықтың айтуынша, такси жүргізушілері бұл аумақтағы ережені елемейді. Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде осы түйткілге қатысты жауаптыларға тиісті шара қабылдауды тапсырды.

– Солтүстік айналма жолымен жүру өте қиын. Осы мәселенің шешілмей келе жатқанына біраз болды. Рысқұлов даңғылымен келсең де, айналма жолмен келсең де, кептеліс. Көлік тұруға болмайды деген белгілер орнатылған. Бірақ жүктеме азаймайды. Уақытымыз жол үстінде кетеді, – деді қала тұрғыны.

Тұрғындардың сауалына жауап берген қала әкімі Алатау ауданында биыл 37 «Сергек» камерасын орнату жоспарланғанын айтты. Соның бірін наурыз айының соңына дейін Солтүстік айналма жолына қоюды тапсырды. Сондай-ақ, кездесуге келген жұрт көшелерді жарықтандыру мәселесіне тоқталды. Шаһар басшысы бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

– 2023 жылы 20 көшенің 1135 жарық шамдары мен 8 шақырымға созылған кабель ауыстырылды. Аудан әкімдігі 284 көшеде сыртқы жарықтандыру желілерін салу және реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындауды бастады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Былтыр Алатау ауданында 497 жаңа автобус және №19 бағыт бойынша қатынайтын 10 троллейбус жұмыс істейді. Қала басшысының айтуынша, былтыр 19 маршруттың құрамы толығымен жаңартылып, жетеуі күшейтілген. Сондай-ақ қосымша 10 жаңа бағыт қосылыпты. Мегаполис әкімі наурыздың соңына дейін ауданға қатынайтын тағы 30 автобус жаңаратынын айтты.

Кездесуде аудандағы емхана жетіспеушілігі мәселесі де қаралды. Қала әкімі медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Саялы және Қарасу шағынаудандарында күніне 200 адам қабылдауға қауқарлы екі отбасылық дәрігерлік амбулатория салынып жатқанын айтты. Қарасудағы медициналық мекеме биыл мамырда ашылса, Саялы шағынауданындағы амбулаторияның құрылысы маусымда аяқталмақ.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Зерделіде жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады