Алматыда аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Алатау ауданының әкімі А. Қалдыбеков «Шетсіз қала» қағидаты бойынша аудандағы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге, білім беруге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша мән берілетіні туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Болашақ – білімді жастардың қолында. Ел болашағы – білім мен еңбекте. Сондықтан өскелең жас ұрпаққа сапалы білім беру – басты міндетіміз», – деді аудан әкімі.
Ауданның Саялы, Томирис, Нұркент, Дархан, Рахат-Мәдениет ықшамаудандарында барлығы 7800 орынды 5 заманауи мектептің құрылысы басталды. Осының арқасында мектептердегі орын тапшылығы 80%-ға қысқарады.
Ауданда сапалы медициналық қызмет көрсету барысында нақтылы шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл Алғабас ықшамауданында көпсалалы аурухана салу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Қарасу мен Саялыда 200 адам қабылдайтын 2 дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Алғабас пен Өжет ықшамаудандарында 2 дәрігерлік амбулатория ашылады.
Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыс деңгейін төмендету. Осы мақсатта «Нұркент» ықшмамауданында ақпан айында қосымша аудандық полиция бөлімі ашылады.
Сондай-ақ, Қарасу, Шапағат, Өжет ықшамаудандарына қосымша тағы 3 модульды полиция бекеттері жұмыс істейтін болады.
«Барша алатаулықтарды ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени-рухани әлеуетін арттыруда белсенділік танытуға, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», – деп қорытындылады сөзін аудан әкімі А. Қалдыбеков.
Есептік кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың аулаларды абаттандыру, жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Аудан тұрғындары өз сауалдарын «Алатау Креатив Хабында», аудан әкімдігі және Томирис ықшамаудандағы кітапханада жабдықталған зум бөлмелері арқылы қойды. Есеп беру кездесуі «Алматы» телеарнасында және әлеуметтік желілердің тікелей эфирде көрсетілді.