Алматыда коронавирус індетімен күресте белсенділік танытқан жандар «Халық алғысы» төсбелгісімен марапатталды. Аталған медальға қала бойынша 275 адам лайық деп танылған. Оның 70 пайызы медицина қызметкерлері, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәлірек айтсақ, инфекционист дәрігерлер, медбике, фельдшерлер мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері, дезинфекторлар мен санитария мамандары. Сонымен қатар, еңбегі еленгендер қатарында халықты нақты ақпаратпен қамтыған журналистер, мұқтаж жандарға қамқор болған волонтерлер де бар.
«Жастарға, волонтерлерге мұндай марапат алға басуға шабыт береді. Пандемияға қарамастан мемлекеттің еріктілерге көптеп көңіл бөліп жатқандығы көңілге медет сыйлайды. Біздің қауымдастық құрамындағы волонтерлер әлі де елге көмек беруде. Әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау біз үшін маңызды», – деді Қазақстанның балалар үйі түлектері қауымдастығының президенті Рафаэль Гасанов.
«Бұл маған ғана берілген жеке медаль емес , бүкіл ұжымға берілген медаль. Себебі «Алматы» телеарнасы ТЖ кезінде, одан бұрын да өте қатты режимде жұмыс істеді. Күніне 8 рет жаңалықтар шығарған кезіміз болды. Дәл осы карантин, пандемия кезінде көрермендер, әсіресе, Алматы тұрғындары «Алматы» телеарнасынан, Almaty.tv сайтынан күндіз-түні бақылап отырды десек артық айтқандық емес. Өйткені фейк емес, нақты ақпарат қажет болды. Әлеуметтік желінің күшейіп тұрған заманында, нақты ақпаратты алатын бірден-бір ақпарат көзі осы «Алматы» телеарнасы болды деп ойлаймын. Сондықтан осы еңбектің еленегені шығар. Ең алдыңғы шепте жұмыс істеген біздің жаңалықтардың журналистері болды. Күні-түні жұмыс істеді. Дезинфекция болғанда да бірге жүріп жұмыс істеді. Ауруханаларды түсірді. Инфекциялық жұқпалы аурулар ауруханасында коронавируспен ауырып жатқан науқастармен сұхбат алған кезіміз де болды. Блок-бекеттер жұмысын түсірді. Нақты ақпаратты жеткізу үшін біздің журналистер бәріне дайын болды. Әріптестер еңбегінің жемісі. Бәріне рахмет айтқым келеді», – деді «Алматы» арнасы Ақапараттық-сараптамалық бағдарламалар департаменті директоры Әйгерім Ағылтаева.