Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Бахытжан Ақжаров бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында ескірген, тұруға жарамсыз тұрғын үйлердің орнында қазіргі заманғы көппәтерлі тұрғын үй кешендері салынып, ескі үйлердің тұрғындары көшіріліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Б. Ақжаровтың мәліметінше, Түрксіб ауданында 1209 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үй қоры бар, оның ішінде 609 үй ескі тұрғын үй санатында (жалпы ауданы 166 мың шаршы метр 4965 пәтер).
«Осы жылдың бірінші тоқсанында Ақынов, Молдағалиев, Толстой, Сауранбаев көшелерінің квадратында 2 екі қабатты үй бұзылып, оның орнына 7 бес қабатты үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар Осипенко көшесінде 59 отбасын көшіру үшін бес қабатты екі үйдің құрылысы жүруде», – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Котельников, Кассин көшелері, Сейфуллин даңғылы квадратында құрылыс жүргізуші – «Qazaq Stroy» ЖШС 100 меншік иесін көшіру үшін 2 бес қабатты үй салуда, тағы 12 үй бұзылады.
Ауданның тұрғын үй алаңын кеңейту мақсатында 2021 жылдың соңына дейін жеке инвестиция есебінен 2704 пәтерлі 53 көпқабатты үйді пайдалануға беру, сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2730 пәтерлі тоғыз қабатты 35 үй салу жоспарлануда.