Сұрақ-жауап: Наурызбай ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

29.02.2024 23:00

Ауданда ауызсу мен кәріз жүйесі мәселесі өзекті

Almaty.tv

Алматының Наурызбай ауданында биыл екі бірдей жаңа спорт кешені ашылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың тұрғындармен кездесуінде белгілі болды. Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне арналған нысандардың бірі Ақжар, екіншісі Шұғыла шағынаудандарында бой көтереді. Шаһар басшысымен жүздесуге келген наурызбайлықтар мектеп пен балабақша жетіспеушілігі мәселесін, ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты сауалын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауданда ауыз су мен кәріз жүйесі мәселесі өзекті. Тастыбұлақтың басым бөлігі саяжай бірлестігі құрамына кіреді. Сол себепті мұнда орталықтандырылған құбыр жоқ. Халық қыста тіршілік нәрінен таршылық көретінін айтады. Қазір мұнда үйге су тарту қызметін жекеменшік компания өкілдері міндетіне алған. Ал оған төлейтін тариф құны қымбат көрінеді. Су қысымы да аз дейді тұрғындар.

«Ең үлкен мәселе – су. Ауыз су бар, ал суармалы су мамырдан бастап, қазанға дейін ғана ағады. Оның өзі тұрғындардың күшімен тартылады», – деді  Наурызбай ауданының тұрғыны Майра Мұсаханова.

Бұл сұрақ қала әкімі тұрғындармен кездесуі кезінде де айтылды. Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазір бұл аймақты қала меншігіне өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

«Екінші тоқсанның басынан бастап мердігерді таңдағаннан кейін жұмыстарымызды бастаймыз. Бірақ Қарғалы ауданына жұмыстар 2025 жылға дейін созылып кетеді. Өйткені бізге 40-тан астам жаңа желілер салу керек болады. Жұмыс осы жылы басталады», – деді Алматы қаласының әкімі  Ерболат Досаев.

Биыл ауданда 8 шақырымнан астам жол салу жоспарланған. Одан бөлек, 55 көшедегі шұрқ тесік пен жамалған бөліктерге орташа жөндеу жүргізілмек. Осылайша, ұзындығы 28,7 километр жол төсемі жаңарады. Кездесу кезінде тұрғындар кей көшелердің қараусыз қалғанын айтып, көмек сұрады.    

«Бекешева көшесінде былтыр су мен кәріз желілерін бітірдік. Бірінші жол төсемін аяқтадық. Биыл екінші жол төсемін саламыз», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.

Ауданда халық саны жыл санап артып келеді. Тиісінше, бала да көп. Білім ордалары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орын тапшы. Шаһар басшысымен кездесуде ата-аналар оқушылардың сабақтан тыс уақытында қосымша үйірме мен спорт секциясына қатысуын қалайтынын жеткізді.

«Шұғыла шағынауданында осы жылы жұмысты бастаймыз. Ақжар шағынауданында су жетіспеушілігіне байланысты жұмыс тоқтап тұр. Биыл екі үлкен - біреуі 600 орындық, екіншісі 500 балаға арналған спорт кешені ашылады», – деді Алматы қаласының әкімі  Ерболат Досаев.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл биыл қала әкімінің аудан жұртымен алғашқы жүздесуі. Сұрақтардың басым бөлігі әлеуметтік салаларға қатысты болды. Мектеп жетіспеушілігі, инфрақұрылым, кәріз жүйесі мен ауызсу мәселесі ауданда әлі де өзекті. Шаһар басшысының алдағы аптадағы кездесуі Бостандық ауданы тұрғындарымен жоспарланып отыр.

Ұлағат Арғын, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жол, су және жарықтандыру: кездесуде айтылған тұрғындар мәселесі қалай шешіледі