Алматының Түрксіб ауданында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін алғашқы әлеуметтік орталық ашылды. Қала әкімі Ерболат Досаев бүгін ауданды аралау кезінде нысанның жұмысымен танысты. 2017 жылдан бері бос тұрған ғимарат былтыр игі шаруа үшін қолданысқа берілген. Ал биыл күрделі жөндеу аяқталып, орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрксіб ауданының тұрғындары енді әлеуметтік қызметтерді бір орталықтан ала алады. Ауданда алғаш рет «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орын ашылды. Онда ардагерлер кеңесі, мүгедектер қоғамы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің филиалы және «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ жақында «Бақытты отбасы» орталығы да осы ғимараттың ішінен ашылады.
– «Шыңға өрлеу» бағдарламасы ашылғалы 2 балам осында білім алып жатыр. Жақын жерден ашылғанына қуандық, – деді көпбалалы ана Айжан Сұлтан.
– Осы жаңа бөлімшеде қазір 63 бала білім алып жатыр. Әр 3 ай сайын келушілерді ауыстырамыз. Аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларын және мүмкіндігі шектеулі ата-аналары бар балаларды қабылдаймыз. Ал олардың тәлімгерлері – тәжірибесі мол ардагер ұстаздар, – деді «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы директорының орынбасары Дильмира Блац.
Сондай-ақ шаһар әкімі реновация бағдарламасы бойынша Сейфуллин, Кассин, Котельников, Ақан сері көшелерінде бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді аралап шықты.
Айта кетейік, 2022 жылы бағдарламаның бірінші кезеңінде дәл осы учаскеде 119 пәтерлік екі 6 қабатты үй салынып, пайдалануға берілген. Оған жақын маңдағы апатты үйлердің тұрғындары көшірілді. Ал енді екінші кезеңнің аясында маусымда 429 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Оның 130-ына апатты үйлердің тұрғындары қоныс аударады. Сондай-ақ биыл ауданның өзге аумақтарындағы ескі ғимараттар да сүріліп, жаңа баспана салу жоспарланған.
Қала әкімі аудандағы Шуақты шағынауданына да ат басын бұрды. Ондағы тұрғындар жауыр болған инженерлік желілер мәселесінің біржақты болғанына ризашылығын білдіріп, шаһар басшысына алғысын жеткізді. Шағынауданда электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жоба жүзеге асты. Бір жылға жетер-жетпес уақытта жүргізілген 5,5 шақырым желі электр қуатының шығынын азайтып, 1500-ден астам азаматты үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ 17 шақырымнан астам сумен қамту және су бұру желісі салынды. Жоба аясында 9 көшеде инженерлік желі мәселесі шешілді. Ерболат Досаев шағынаудандағы көшкіннің алдын алу жоспарымен танысты. Мегаполис әкімі алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Аумақта гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіп, өзен арнасының іргесін нығайту туралы пәрмен берді.
– Су құбыры құбыры жүргізілді және оратыл кірз жүйесі қосылды. Жарықпен қамтылды. Досаев мырзаға, аудан әкіміне жағдай жасалып жатқаны үшін алғыс айтамыз. Әкім қырда тұрған үйлердің қауіпсіздігіне тоқталып, алдын-алу шараларын жүргізуді тапсырды, – деді Шуақты шағынауданының тұрғыны Венера Алтай.
Сонымен қатар қала басшысы аудандағы «Алматы-1» базарын модернизациялау жұмысын жеделдетуді тапсырды. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сауда орнының жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Базардың құрылысы аяқталса, нысан төрт бөлікке бөлінбек. Сауда орнының әкімшілігінің айтуынша, саудагерлер мен тұтынушылар үшін бар жағдай жасалады.
Айта кетейік, «Алматы -1» базары қазір шамамен 700 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал модернизациялаудан өткеннен кейін жұмыс орны 3000-ға дейін көбеймек. Сондай-ақ сауда орнының аумағы да айтарлықтай артып, 28 мың шаршы метрге ұлғаяды.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Шуақты шағынауданында инженерлік коммуникацияға қатысты қордаланған мәселе шешілді