Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бүгін Әуезов ауданының тұрғындарымен үшінші кездесуін өткізді. Ауданның инфрақұрылымы мен инженерлік желісі, жол-көлік жағдайы кеңінен қозғалған жиынға 200-ге жуық азамат қатысып, талап-тілек, арыз-сұрауын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкім жағдаймен танысып, жауаптыларға тиісінше тапсырма берген, дегенмен көпшілік «көп сұрақ әлі шешілген жоқ» деп назын айтты. Мұндағы аудан азаматтары негізінен аулалардың жағдайы ескіріп, саябақтардың тозғанына шағым айтты. Олар «кесілмей тұрған ағаштардың басы салбырап, жерге тиетін болды. Жел тұрса, жағдайымыз қалай болады?» дейді.
– Ақсай-4 шағынауданында жасы келген азамат көп. Өзіміз кесейік десек, шамамыз келмейді. Ағаш иіліп, коммуникация желілерін үзетін болды. Назар аударып жатқан ешкім жоқ. Саин, Ұлықбек, Жұбанов көшелерінде балаларға арналған бірде-бір ойын алаңы орнатылмаған. Мұның бәрін кім ретке келтіреді? – деді қала тұрғыны.
Қала басшысы Ерболат Досаев аталған көшелерде жер аумағы тапшы екенін атап өтті. Сондықтан алаң орнату мүмкін емес. Дегенмен «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында аумақтағы ыңғайлы орындар қарастырылмақ.
– Ағаштарды санитарлық кесу міндетті түрде жүзеге асады. Ал аулаларды абаттандыру бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Өтінім қабылданды. 20 қыркүйекте бір шешімі шығады, – деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.
Биыл 161 аулада құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілді. 118 аулада іс аяқталса, қалған 48 аула қарашада қолданысқа берілмек.
– Тұрғындар тарапынан шағым айтылады. Олардың да өз қалауы бар. Футбол, баскетбол алаңы, автотұрақтарды кеңейтуді сұрайды. Жобада жоқ болса, қосымша жұмыс арқылы қарастырып, жасап жатырмыз, – деді Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жайық Шәлтен.
Әуезов ауданы – халық тығыз қоныстанған аумақ. Қала әкімі бұл кездесуде көпті алаң қылған Сайран көлінде механикалық тазалаудың толық аяқталғанын жеткізді. Аталған орынның көркін қалпына келтіру - басты назарға алынбақ.
Айта кетейік, шаһар басшысының келесі кездесуі Түрксіб ауданының азаматтарымен өтеді. Жиын алдағы бейсенбіге жоспарланған.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Әуезов ауданында 7 автобустың бағыты ұзартылды