Алматыда бұған дейін қанша мәрте ескертілсе де, карантин талаптарына пысқырмайтын азаматтар той тойлауын тоқтатар емес. Бостандық ауданында орналасқан мейрамханалардың бірінде 30 шақты адам жиналып қыз ұзатпақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай заң бұзушылық туралы бейжай қарамайтын азаматтар 1308 колл-орталығына хабарласып жеткізген. Дереу арада арнайы мониторингтік топ шығып, тойды тоқтатып тастады.
Мейрамхана өкілі тосыннан келген тексеру тобын күтпеген сыңайлы. Бейнежазбадан бір жерге топтасып, бетпердесіз жайбарақат жүрген адамдарды байқауға болады. «Қыз ұзату» тойы екені айдан анық көрініп тұрса да, мейрамхана басшысы «бұл жәй ғана кездесу» деп өбек болды.
Мейрамхана өкілі «санитария нормаларының барлығы сақталған, біз бас санитар дәрігердің шығарған қаулысын басқаша түсіндік» дейді.
«Біз қаулыны дұрыс түсінбеген сияқтымыз. Оның ішінде осы сияқты шаралар турасында айтылғанын біз білмедік. Енді, әрине, бұдан кейін мұндай отбасылық отырыстарды ұйымдастырмаймыз», – деді мейрамхана басқарушысы Павел Кистанов.
«Таза ауада болғанымен адамдар бір жерге жиналып алған, яғни арақашықтық сақталмаған. Бұл қазіргі таңда кімге болсын қатерлі. Біз кіріп келген кезде қызметкерлерде де, қонақтарда да бетперде болмады», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Тахир Чембулатов.
Мұндай өрескел олқылық туралы ақпарды карантин талаптарына бейжай қарамайтын азаматтар 1308 колл-орталығына жіберген. Тиым салынған шара дер кезінде тоқтатылып, нысан иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.
«Дулати көшесінің бойындағы «Райский сад» мейрамханасында қыз ұзату тойын жасап жатыр екен. Оны бізге колл-центрге звондап, айтты. Сол бойынша біз келдік. Өздеріңіз байқағандай, шара болып жатты. Оның бәрін тоқтаттық. Әкімшілік хаттамасын толтырып бердік», – деді Бостандық ауданы Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Талғат Құрманбеков.
Карантин режимін бұзып, тәртіпке бағынбаған жеке тұлғалар 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 83 мың теңге, ал кәсіпкерлер 230 айлық есептік көркеткіштен аса, яғни 638 мың теңгеден жоғары көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Жалпы ел бойынша отбасылық іс-шараларды 5 шілдеден бастап 20 шілдеге дейін өткізуге тиым салынған.
Назкен Еркін, Асқар Серғалиев, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы