Алматының Бостандық ауданында биыл екі бірдей емхана салынады. Медициналық мекемелердің құрылысы күзде басталмақ. Олар соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, бір ауысымда 500 адамды қамти алады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың тұрғындармен кезекті кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бостандық ауданында әлеуметтік саланы дамытып, инфрақұрылымды жаңғырту үшін біршама күрделі жұмыстар жүргізілді. Былтыр аудан экономикасына 385 млрд теңге инвестиция құйылды. Ерекше қарқынмен дамып жатқан аймақта қаланың әрбір 5-шағын-орта кәсібі орналасқан. Қала басшысының баяндамасынан кейін тұрғындар көптен күткен сауалдарына жауап ала алды. Алғашқы сұрақтардың бірі ерекше қажеттіліктері бар жандарды толғандыратын мәселе төңірегінде болды. Жұртшылық емханалардағы орын тапшылығына шағымданып, қажетті емді ала алмайтындарын айтты.
– Ертелі-кеш бәріміз ауруханаға баруға мәжбүр боламыз. Күйеуім 1-топ мүгедегі. Емханалардағы кезекті күткен қаншалықты қиын екенін бәрінен жақсы түсінемін. Сұрағым, ауданда жаңа емханалардың құрылысы қашан басталады? – деді қала тұрғыны.
– Ауданда 2 емхананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап жатырмыз. Ауысымына 500 адам қарала алады. Керек-жарақтармен, заманауи медициналық құрылғылармен толық жабдықталады. Әр тұрғын келіп, тексеріліп, қажетті еміне қол жеткізе алады. Маусымда мемлекеттік экспертизадан өтсек, қыркүйекте құрылысты бастауға жоспар бар, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Көктем келісімен жауын-шашын маусымы басталып, жер-көкті лай, су көшкіні басу қаупі артады. Алматылықтар қаланың бұл құбылысқа қаншалықты дайын екенін сұрады. Себебі Гагарин мен Қожанов көшелерінің қиылысында үнемі су басу мәселесі туындайтын көрінеді.
Айта кеткен жөн, 2 жыл ішінде Алматыда осындай 105 учаскеде қауіп жойылды.
– Гагарин мен Қожанов көшелерінің қиылысында арық жүйесін жөндеу жоспарда бар ма? Онда үнемі жаңбыр мен қар еріген кезде лай су жолға шығады. Қиылыстан өту мүмкін емес, – деді қала тұрғыны.
– Жоба аясында бұл аймақта жұмыс қарастырылған. Биыл маусымға дейін аяқтаймыз, – деді Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Мирас Ғайсин.
Бостандық ауданын абаттандыру аясында былтыр 80 аула аумағына күрделі және 90 аулаға жоспарлы жөндеу жасалған. Кездесуде халық қаланы көгалдандыру жұмыстары жайлы сұрады.
– Біз 3 жылдан бері «Ардагерлер» алаңын қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Белсенді ардагерлер көгалдандыру үшін көп күшін жұмсап, еңбек етіп жатыр. Осы тұста бізге көмек керек. 9 мамырға қарсы осы алаңды гүлдендіріп, ардагерлерді бір қуантсақ деген ниет бар. Бес шырша болса жеткілікті, – деді қала тұрғыны.
– Қолдаймын. Биыл Бостандық ауданын көгалдандыруға біршама жоспар бар. Қанша керек, соны осы алаңға бөлеміз. Өзім тапсырма беремін, – деді қала әкімі.
Кездесу №191 орта мектепте өтті. Қарқынды дамып келе жатқан Бостандық ауданының тұрғындары жол сапасы, қоғамдық көліктер, тұрғын үй аулаларын аббатандыру сынды біраз түйіткілдерді көтеріп, көпшілікті алаңдататын сұрақтарды қойды. Қала әкімі біршама мәселені жеке қарауына алып, кейбір түйіндердің шешімін табу үшін тапсырма берді.
Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесті