Атырау облысында 19 жасынан бері бел жазбастан краншы болып еңбек етіп келе жатқан әйел тұрады. Ер азаматтар еңсеретін бұл салаға ол бала кезінен бейім. Шымыр әрі ширақ нәзік жанның күрделі қызметті қиналмай атқарып жүргеніне 40 жыл толған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сапура Қабиева – үй мен түздің шаруасын қатар дөңгелетіп жүрген жан. Бүгінде өңірдегі ірі құрылыс компаниясында краншы болып қызмет атқарады. 25 жыл бойы қос мағынасында да тер төгіп жүрген кейіпкер кәсіптік-техникалық училищеде білім алған. Аталған салаға келуіне әкесі себепші болған.
– Ең алғаш 19 жасымда, жаспыз ғой ол кезде, жұмыс істегенде қорқыныш болды. Жауапты жұмыс. Жүк көтергенде қарап отыру керек. Ал қазір өз ісімнің маманымын деп ойлаймын. Жетік меңгердім. Жоғарыдан бақылау күшті. Анда-санда жұмыс болмай қалса, жоғарға шығып қарап отырсаң, әдемі ғой! – деді краншы Сапура Қабиева.
Кранның жағдайын бақылап, содан соң барып іске кірісу – Сапура апайдың қызмет күніндегі әуелгі әдеті. Мұнан кейін, мекемеге келген вагоннан аса ауыр салмақтағы кірпіш, металл, темір-бетон секілді заттарды техниканың көмегімен түсіріп, қажетті жерге жайғастырады.
– Ең бастысы, кез келген салада өз ісіңді жақсы көруің керек. Зейнетке кеткен жағдайда да қуанып айтып отырасың. Адал еңбектің наны тәтті болады, – деді краншы Сапура Қабиева.
Кейіпкеріміздің еңбегін қызметтегі әріптестері де жоғары бағалайды. Жұмыста абыройлы, сұранысқа сай маман иесі соңынан ерген жастарға ылғи қол ұшын созып жүреді. Үй мен түздің шаруасына мығым жан көпке ісімен үлгі.
– Сапура қарапайым. Қазір ондай маман аз. Осындай маман тапқанымызға қуаныштымыз. Әрі қарай жұмысын жалғастырады деп ойлаймыз, – деді әріптесі Серікбек Мырзахметов.
Кейіпкердің краншы болуына құрылыста қызмет еткен әкесі себепкер болған. Кішкентайынан жанында жүрген қыз салаға деген бейімін сол кезде қалыптастырса керек. Ауыр жұмысты жеңіл еңсерген Сапура Қабиева «жұмыстың жеңілі болмайды, ең бастысы – жан-тәніңмен жақсы көру», дейді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жол саласында жұмыс істеу көпшілік ойлағандай қиын емес - Гүлмира Асанова