Алматының Ақжар ықшамауданында орталықтандырылған су келесі жылы қолданысқа беріледі

Алматының Ақжар ықшамауданында орталықтандырылған су келесі жылы қолданысқа беріледі
Мамандар арық жолын қалпына келтіріп, ауыз су және кәріз құбырын жүргізуді жалғастырып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданына қарасты Ақжар ықшамауданында арық жолы бұзылып, ағынды су сыртқа ақты. Соның салдарынан жақын маңдағы жекеменшік үйлер мен тасжолдар бүлінді. Мердігерге ашулы тұрғындардың сөзінше бұл жайтқа көшедегі қазба жұмыстары түрткі болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арнамызға хабарласқан Жаңа Алматының тұрғыны жолдаған бейнежазбада арық жолының үзіліп, судың сыртқа төгіліп жатқаны анық көрінеді. Тасжолдар бүлініп, опырыла бастаған сәтте ауламен қоса, көлігіміз де бүлінді дейді кей азамат.

«Қақпаларына, есігінің алдына бара алмағандар осы жолдың бойына тастаған. Жолдағы көліктердің бәрі құлап, зақым келіп, бамперлері түскен, түсірген бейнежазбалар бар», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Балғабек Құрманғалиев.

Тұрғындардың айтуынша, арық жолымен аққан су таудан келеді. Оны көбіне аула суаруға және тұрмысқа қолданады. Ал тіршілік көзі ретінде ескі құбырмен келетін суды пайдаланған. Көпшіліктің сөзіне сенсек, ол құбырдан кейде лай, тіпті қоқыс арласқан су ағады екен.

Алматының Наурызбай ауданына қарасты Ақжар ықшамауданында қазба жұмыстарының салдарынан арық жолының арнасы бұзылып, ондағы су сыртқа тасып, көл болған.

Қалалық аймаққа жаңа қосылған Ақжар ықшамауданындағы су мәселесін шешу үшін, бүгінде ауыз су мен кәріз құбырын жүргізіп жатыр. Аудан әкімдігі қызметкерінің мәліметінше, бұл істі қолға алған мердігер ұйымның жұмысшылары құбыр тарту барысында арық жолын үзіп алыпты.

«Орталықтандырылған су 2022-23 жылдары пайдалануға беріледі. Сол уақытта мұндай мәселелер алдағы уақытта болмайды деп сендіреміз», - деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Асқар Әбділдаев.

Тәтті ұйқыда жатқан халықты дүрліктірген жайтты жауапты мамандар дер кезінде сумен бірге тоқтатты. Арық жолын қалпына келтіріп, қазіргі таңда орталықтандырылған кәріз жолын жүргізуді жалғастырып жатыр.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров