Бұл туралы Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде айтты
«Заңсыз құрылысқа жол жоқ!» Түрксіб ауданындағы Баум тоғайының маңынан салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құжаттарынан олқылық анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал «Жас Қанаттағы» мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналар шілде айында қолданысқа беріледі. Алматыда жазғы лагерьлерде демалып жатқан бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық аспен қамтылады.
Қала басшысының Түрксіб ауданы тұрғындарымен кезекті кездесуі әдеттегідей мектептердің бірінде өтті. Дүйім ел сұрақтарының назарға алынып, мәселелерінің бірте-бірте шешілгенін жеткізді. Сондықтан уақыт созбастан бірден сұрақ-жауапқа кірісті. Көптің мәселесін арқалай келгендердің қатарында «Family» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де болды. Олар құрылыс басталмай жатып, аяқталып қалды деп қынжылады. Дүйім ел пәтерге қол жеткіземіз деген арманымыз көзімізден бұлбұлдай ұшты деп отыр.
«Біз 10 жыл ақша жинап, осы тұрғын үй кешенінен пәтер алдық. Ол кезде мердігердің барлық рұқсат құжаты болды. Бір ай бойы құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Бірақ кейін тоқтап қалды. Өйткені рұқсат етілген құжаттың барлығын қайтарып алдыңыз. Мен секілді 120 отбасының үй-күйсіз қалатын түрі бар. Енді құрылысты салушымен соттасып, құйған қаражатымызды қайтарып алсақ та, ол ақшаға енді ешқандай үй сатып ала алмаймыз. Не істеуіміз керек?», – деді қала тұрғыны Анастасия Федосимова.
Халықты мұқият тыңдаған әкім тұрғын үй кешенінің құрылысы әу баста-ақ заңсыз басталғанын айтты. Өйткені кешен мемлекеттік-өңірлік табиғи паркінің құрамына кіретін «Баум» тоғайы маңайында орналасқан. Онда құрылыс жүргізуге болмайтын аймақтар бар. «Қазір осы жобаға рұқсат берген қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында қызметтік тексеру жүріп жатыр» деді қала әкімі.
«Мен бұл тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бермедім. Ол заңсыз салынған. Бұл жобаға бұрын кімнің рұқсат бергенін анықтап жатырмыз. Құрылыс салушылар бізге әртүрлі нұсқаны ұсынды. Бірақ бәрі ережеге сәйкес болуы керек. Компания өз міндеттемелерін орындасын. Біз жобаны қайта қарастыратын боламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Енді тірнектеп тиын-тебен жинап, құрылысы басталмаған баспанаға қаражат құйғандар не істерін білмей дал. Олар тұрғын үй кешені салынса екен деп тілейді. Бірақ бұл іс әлі сотта қаралып жатыр. Ал құрылысты салып жатқан компания қала әкімдігімен келісімге келуге дайын екенін айтады. Ол халықтың артқан үмітін ақтап, үлескерлер алдындағы берген уәдесін орындағысы келеді.
«Біз келісімге келуге дайынбыз. Бастысы, халыққа пәтерлерді табыстау керек. Егер қала билігі бізге тұрғын үй кешеніндегі қабаттарды төмендет десе немесе осында балабақша салып бер десе, оған да келісеміз. Барлық жұмысшыны таратып жібердік. Құрылыс сот жүріп жатқандықтан тоқтап қалды», – деді құрылыс салушы компанияның директоры Елдос Көмекбаев.
Ал пәтер кезегінде тұрғандар «Жас Қанат» ықшамауданындағы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер жайын сұрады. Онда жуық арада жаңа 8 маршрут жіберіледі. Көшелері тақтайдай тегістеліп, көше шамдары орнатылады.
«Тұрғын үй мамырдың аяғында дайын болады деп едіңіз. Қашан қолданысқа беріледі?», – деді тұрғын.
«Жас Қанатта» пәтерлер дайын. Бірақ ауласы толық жөндеуден өтпеді. Құрылыс компаниясы уақытымен жұмыстарын бітірген жоқ», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жаз мезгілінде балалардың демалысын дұрыс ұйымдастыру да маңызды мәселе. Биыл Алматыда жергілікті бюджет есебінен 3500-ден астам аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ата қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер мен жеткіншектер жазғы демалыспен қамтылады. Көпшілік балаларға лагерьде тегін ас беріле ме деп сұрады.
«Қазір мектептер жанынан лагерь ашылып, жұмыс істеп жатыр. Балаларға уақытылы тамақ ішу маңызды. Бірақ бұл көбінің қалтасына салмақ салады. Оның шешімі бар ма?», – деді тұрғын.
«Жаздық лагерьлерге таңғы 09:00-ден түскі 15:00-ге дейін 10 күн бойы баруға болады. Ал ыстық ас барлық балаға әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін берілетін болады», - деді қала әкімі.
«Биыл бұл мәселеге ерекше назар аудардық. Бастауыш сыныптың оқушыларына лагерьде демалуға 250 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат 30 мыңнан аса баланы тегін аспен қамтуға жұмсалады. Барлығы жақсы болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жиында тұрғындар әкімге көкейдегі барлық сауалын қойып үлгерді. Шаһар басшысы олардың сұрағын түртіп алды. Өз кезегінде xалық бұрындары әкімдікке кіре алмайтынын айтып, мұндай ашық кездесудің жиі болғаны жөн деп тарқады.
Жадыра Омаржан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы қаласында Абай даңғылы бойынша жол жүру ішінара шектеледі