Жұмыс 2023 жылдың желтоқсанында аяқталады
Кемел шағынауданындағы жаңа инженерлік желілер 20 мыңнан астам абонентті тұрақты электрмен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесіп, инженерлік коммуникациялардың дайындық деңгейін тексерді, оларды реконструкциялау биыл желтоқсан айында аяқталуға тиіс.
Тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз ету әкімдік жұмысының маңызды бағыты. Қаладағы желілерді жаңғыртуды Кемел шағынауданында 2022 жылдың сәуірінен бастап «EC Energy Qazaqstan» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізіп келеді.
Биыл 7 қыркүйекте халықпен кездесуде қала басшысына Әлқисса, Октябрьская, Перекрестная, Ақсуат көшелерінің тұрғындары жүгінген мәселенің шешімі баяндалды. Бұл аумақтардағы үйлер электрмен жабдықтау желілерін жүргізу жобасына кірген жоқ. Алматы әкімінің тапсырмасымен аталған көшелерде тұратын 110 абонент коммуникацияға қосылады.
Кемел шағынауданындағы инженерлік желілерді қайта құру аясында 1200-ден астам темірбетон тіректері, 14 трансформаторлық қосалқы станцияның 10-ы орнатылды, 30 км-ден астам әуе және 8 км-ге жуық кабель желілері тартылды, деп хабарлады қала басшысына Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев. Бұл жұмысты 2023 жылдың желтоқсанында толық аяқтау жоспарланған.
Инженерлік желілерді қайта жаңарту Кемел шағын ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын жалпы қуаты 12 706,5 кВт электрмен жабдықтаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ерболат Досаев тиісті басқарма басшылығына коммуникация тарту мәселесін бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімдерге сәйкес инженерлік инфрақұрылымды пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Инженерлік желілерді қайта құруды аяқтау – бұл аудан тұрғындары үшін түйткілдің түпкілікті шешімі.
Алматы әкімі жұмыс сапары барысында Мәдениет үйі мен кітапханаға да барды. Тұрғындар қала басшысына шағын ауданды жоспарлы түрде дамытқаны үшін алғыс айтып, жаңа Мәдениет үйінің жастардың ордасына айналғанын атап өтті. Ерболат Досаев, өз кезегінде, Мәдениет үйіне жақын маңнан саябақ салудың жоспарланғанын айтты.
Бұған қоса, қала басшысы Кемел шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, жаңа мектеп салу, жол төсемін жөндеу туралы сұрақтарға жауап берді. Ерболат Досаев №80 мектептің құрылысы бойынша жұмыстар аяқталып жатқанын, онда оқу жаңа жылдық мерекелерден кейін басталуы мүмкін екенін атап өтті. Жол төсемін қалпына келтіру «Сұңқар» мердігерлік компаниясының кепілдігі бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қала басшысы шағын аудан тұрғындарына жалпы ұзындығы 68,9 км сумен қамтамасыз ету және су тарату желілерінің құрылысы туралы айтып, Гамарник көшесінен Солтүстік айналма көшесіне дейін Есентай өзенінің бойындағы саябақ аймағын абаттандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Оқи отырыңыз: Қаладағы әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейн болуы керек