Алатау ауданында бүтін ықшамаудан орталықтандырылған кәріз бен су жүйесіне қосыла алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал орнатылған көше жарықтарының сапасы төмен. Істегенінен гөрі сөніп қалатындар кездері көп. Жолдың жоқтығы қажытты. Бүгін Алматы әкіміне халық қандай сұрақ қойды? Көтерілген мәселелер қашан және қалай шешімін табады?
Бұл Алатау ауданына қарасты Қарасу ықшамауданы. Тұрғындар осы уақытқа дейін суды жеке компаниядан алып келген. Кейін оларды қала әкімдігі өз балансына алып, орталық кәріз және су жүйесіне қоспақ болған. Жұмыстар 1 жыл бұрын басталса да, қазір тұралап тұр. Ал қарапайым халық тіршілік нәрінен қағылып, қыс бойы қиналатын болдық деп қынжылады.
«Таңертең 8-де өшкен су кешкі 20:00-ге дейін болмайды.Түнде су алып аламызда, күндіз сол сумен отырамыз. Бұл не сұмдық? Халық шаршап кетті. Алда қыс келе жатыр. Ертең су қатады. Одан кейін кім маған суды әкепбереді?» – деді қала тұрғыны Ләззат Кенжебаева.
Қарасуда судан бөлек, кәріз жүйесін салу мәселесі де өзекті. Өйткені, сорғыш станцияға жер дәл үйлердің маңынан бөлінген. Ал оның құрылысы басталмай жатып, жөндеу жұмыстары кезінде жер астынан су шығып кеткен.
«Бәрін жабамыз, реттейміз деген. Жасалған жоқ. Қалай бар, солай қалды. Үйге жақын жерге салуға болмайды. Жақын орналасқан. Кейін одан сасық иіс шығады», – деді қала тұрғыны Байсейіт Батырбеков.
Бүгін тұрғындардың арызын арқалап Ләззат Кенжебаева қала әкімімен кездесуге барды. Қордаланған мәселелер алдағы уақытта шешімін табатын болды. Қала әкімінің айтуынша, кәріз суларын соратын стансаны салатын компания жұмысына жауапсыз болып шыққан. Қазір қала әкімдігі олармен әріптестікті тоқтатып, сотқа хат жіберген. Бірақ бұл жұмыс тоқтады дегенді білдірмейді.
«Өзіңіз білесіз су екі жерден келіп жатыр. Жекеменшік Қарасу және Алматы Су. Ендігі жетіде мен комиссия жіберейін сіздерге. Көрейік, қай жерде қандай су келіп жатқанын. Осы жылдың соңына дейін бар жұмыстарымызды бітіреміз. Бірақ енді былай қарағанда бір оператордан екінші операторға қосу ол жеңіл жұмыс емес», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Халық көз бояушылық секілді көше шамдарынан орнатып қойды. Тек сапасыз дүние бізге көмегін тигізбейді деп шағымданды. Өйткені, оның өзі жиі-жиі өшіп қалады екен.
«Жилстрой мен Комстрой екі компания сотталып кеткен. Сол екі обьектіні біз Алматы Сумен қарастырып жатырмыз. Соның мәселесін шешіп жүрміз», – деді Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Санжар Алин.
Қала әкімі халықтың кезегі аяқталғанға дейін сұрақтарын тыңдады. Мәселенің шешімін таппай кеткен тұрғын болмады. Өйткені, базынасын айта алмағандарға мамандар жеке кеңес берді. Ал қалғандары сұрақтарын жазбаша қалдырды.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы