Әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдіс алдағы 5 жылда әлем экономикасына шамамен 5 триллион доллар шығын әкеледі деп болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысының айтуынша, қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі. Президент Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін мәлімдеді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет».