Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

06.09.2024 23:55

Жыл басынан бері 14 көшеге ұзындығы 12,5 км болатын орта жөндеу жұмыстары жүргізілді

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Бостандық ауданында медициналық қызмет көрсету сапасы артады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Маусым айында Манас көшесінде тәулігіне 500 бала қабылдай алатын жаңа шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы ашылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес салынған ғимаратта 26 реанимациялық орын, 4 операциялық блок және кең диагностикалық бөлімше бар. Сондай-ақ қала басшысы №4 және №12 емханалардағы қайта жөндеу осы жылдың желтоқсанында аяқталатынын жеткізді. Ал перинатология және балалар кардиохирургиясындағы жаңғырту жұмыстарын бітіру келер жылдың ақпан айына жоспарланған. Ерболат Досаев атап өткен тағы бір өзекті мәселе - жол-көлік инфрақұрылымын модернизациялау. Бұл тұрғыда биыл ауданда біршама маңызды жобалар іске асырылыпты.

«Жыл басынан бері 14 көшеге ұзындығы 12,5 км болатын орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың қазан айының соңына дейін ұзындығы 17,5 км-ді құрайтын 19 көше орта жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының аясында 69 көшеде 22 мың шаршы метр жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылғы қараша айының соңына дейін қосымша 8 мың шаршы метр жол жабындысына жөндеу жүргіземіз», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сонымен қатар қала әкімі Бостандық ауданында ауыз су мәселесін шешу қарқынды жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Қазан айында 1 км су құбыры мен кәріз желілерін реконструкциялау аяқталмақ. Ал «Ерменсай» шағын ауданы тұрғындарын сумен қамту мақсатында қуаттылығы тәулігіне 9 мың м³ болатын су алу ғимаратының құрылысы жүргізіледі. Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мың орындық екі жаңа мектеп салынып жатыр. Олардың бірінде құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталады, ал Егізбаев көшесіндегі 2,5 мың орындық мектеп 2025-тің мамырында бітеді. Қала басшысы сондай-ақ мегаполистің жылыту маусымына дайындығы жайлы сөз қозғады.

«Нұрлы тау» шағынауданында 62 км сумен жабдықтау және 34 км кәріз жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жуық арада аяқталады, мемлекеттік сараптамадан шығуы осы жылдың қараша айында күтіліп отырмыз. Ол проекттің болжамды сомасы - 16 млрд теңге. Осы жобалар Бостандық ауданының жоғарғы бөлігінің 25 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Жылыту маусымы басталғанға дейін 5,3 км жылу желілерін реконструкциялау аяқталады», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев кәсіпкерлерді жазалау туралы тұрғындардың талабына жауап берді