Алматының Алмалы ауданында кезекті жастар ресурстық орталығы ашылды

@almaty_akimat
@almaty_akimat
Жастарға психологиялық қолдау көрсетіп, ойда жүрген жобаларын жүзеге асыруға септеседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кезекті жастар ресурстық орталығы ашылды. Бұл жолы мекеме Алмалы ауданында есігін айқара ашты. Енді коворкинг орталығы жұмысқа орналастыру, бағыт-бағдар беру, кәсіпкерлікке баулу, шығармашылықты шыңдаумен айналысады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, жастарға психологиялық қолдау көрсетіп, ойда жүрген жобаларын жүзеге асыруға септеседі. Бұрынғы трамвай депосы ішінен ашылған орталықта жұмыспен қамтудың, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері де жұмыс істейді. Оған қоса, шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, мотивациялық кездесулер өтеді.

«Алмалы ауданындағы жастар ресурстық орталығы ел болашақтарының басын біріктіретін мекенге айналады деп сенеміз. Бұл мекеменің ерекшелігі сол, барлық қажеттілікті бір жерден табады. Мәселен, кәсіп бастаймын десе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бар. Осы жерде жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де қарсы алады. Егер жұмыссыз жүрген болсаңыз, жастардың тәжірбиесіне қатысып, өзіңізге қызықты жаңа курстарға қатысуға мүмкіндік бар», – деді қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов.

Сондай-ақ, екі қолға бір күрек іздеп жүргендерге құлаққағыс! Алатау ауданында мобильді жұмыспен қамту пункті ашылды. Еңбектенгісі келгендерге Нұркент шағынауданында ашық алаңқайға баруына болады. Мамандар дипломы барларды тұрақты жұмыспен қамтуға көмектесуге, ал белгілі кәсібі жоқтарды үйретуге дайынбыз дейді.

«Мемлекеттік Еңбек бағдарламасы аясында жастарды ақылы жастар тәжірибесіне және басқа да тұрғындарды уақытша жұмыспен, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында кеңес беріп жатыр. Жастар тәжірибесіне өту үші ең бастысы 16 мен 29 жас аралығында үш жыл ішінде оқып бітірген, жастар осы жаққа келеді. Кеңес алады», – деді Алатау аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмат Сайлыбаев.

Новости партнеров