|
22.08.2020 | 00:01
6341

Армениядан жеткізілген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін

Шетелдік автомобильдерді тіркеудің шарттары қандай?

Армениядан жеткізілген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін Коллаж: Алексей Старков

Армениядан жеткізілген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Осы реттегі сауалға Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жауап берді. Оның сөзіне қарағанда азаматтар тарапынан осындай мазмұндағы өтінімдер көптеп түсуде. Ал шетелдік автомобильдерді тіркеудің шарттары қандай? Almaty.tv тілшісі толықтырсын.

Жо-жоқ, ешқандай тыйым салынбайды. Ең басты принцип, біздің одақтың ең басты принципі  –  4 экономикалық серіктес. Тауарлар, қызмет, капитал, сосын жұмысшы. Сондықтан ешқандай тыйым салынбайды, әрине.

Міне былтыр қыркүйекте армениялық көліктерді тізгіндеуге ешқандай шектеу қойылмайтыны ап-анық айтылған еді. Осыны естіген Сүлеймен Ахметов өткен жылдың желтоқсанында Арменияға барып өзінің жиған-тергеніне темір тұлпар сатып алады. Ол кезде ешқандай мәселе туындамайтынына бек сенімді болған.  Алайда биыл қаңтарда шетелден алған көлігі заңсыз деп танылғанын айтады.

«Біз баяғыдан бері айтып жатырмыз, сары нөмір алмаймыз. Біз шетелден келген емеспіз. Азаматтық бізде бар ғой. Екі жаққа салық төлейміз: Армения мен Қазақстан. Сол сұрақ шешілген жоқ. Содан кейін көп кісілер машиналарын сенімхатпен, сақтандырумен алған. Олар көліктің негізі иесі емес, иелену құқығы жоқ оларда. Көлік бұрынғы иесінің атында. Кімнің атында техпаспорт, сол иесі. Қалай мынау? Сосын утильсбор. Утильсбор өте көп. Россияда 5000 мың рубль ғана. Бізде мынау машинаға 3,5 миллионмен төлеуім керек. Машинаның бағасынан да көп. «Сбор за первичную утилизацию» дейді. Ол 1,5 миллион. Не үшін?» – деді қала тұрғыны Сүлеймен Ахметов.

Көлік иесі қолданыстағы нөмірмен техникалық бақылау да өте алмайтынын да айтады. Дəл осындай мәселеге Асхат Сабиров та тап болды. Ол көлігін былтыр Армениядан 30 көлік алып келген атыраулықтан сатып алған. Армениялық нөмірлі темір тұлпарды сатып алуға 2 миллион теңге жұмсаған. Айтуынша, елімізде мұндай көліктер екі есе қымбат.

«Машина біздің атымызда емес. Сондықтан тіркей алмай отырмыз. Атыраудағы кісі 30 машинаны мен тіркемеймін дейді. Өзімнің мойныма алмаймын дейді. Енді сонда қалай жасаймыз? Соны білмей отырмыз енді. Тех тексеруде  бізде уақыт бітіп жатыр. Тех тексеруден өте алмаймыз, қазақстанда тіркелген болуы керек», – деді қала тұрғыны Асхат Сабиров.

Алайда Ішкі істер министрлігінің өкілдері Армениядан автокөліктерді тіркеу шарттары қарапайым екенін айтады. Бірақ тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Осы ретте азаматтар тарапынан көптеген өтінімдер түсуде.

«Автокөлікті тіркеу үшін: техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір үшін тіркеу алымы мен баж салығын төлеуге - барлығы 12 мың теңге, оның ішінде тіркеу үшін алым - 695 теңге, техникалық паспорт үшін баж - 3 473 теңге, мемлекеттік нөмір үшін - 7 778 теңге. Жеке басын куәландыратын құжаттарды және автокөлікке нотариалды куәландырылған аудармасымен ұсыну қажет. Арменияда автокөлікке берілген техпаспорт пен мемлекеттік нөмірді мерзімсіз сақтауға тапсыру қажет», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

1 маусымнан басталған тіркеу шаралары аясында шетелден әкелінген автокөліктің 11 мыңға жуығы тіркелді. Күн сайын темір тұлпарларын шамамен 400-ден астам азамат есепке қоюда. Ішкі істер министрлігі мамандарының сөзінше, Армениядан жеткізілген осы көліктер Қазақстанда тіркелгеннен кейін, оны пайдалану мерзіміне шектеу жасалмайды.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир