Бүгін көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз Құлжабай Қасымовтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ескерткіш профессордың өзі бұрын жұмыс істеген Ұлттық Ғылым академиясы үйінің қабырғасына қойылды. Математиканың қолданбалы бағытының негізін қалаған ғалымға арналған шараға жақындары мен замандастары, тәлімін алған шәкірттері келді. Жиылған қауым қайраткердің өнегелі өмірі мен қызметіндегі еңбегін марқая еске алды.
«Бұл кісі ешкімнің бетіне «сен сондайсың» деп айтып көрмеген. Барлығын тура туғанындай жақсы көріп отыратын азамат болатын. Қайтқан кезінде Сералы ағамыз «елуде бір туатын азамат еді, өмірден өтіп бара жатыр» деп еске алып еді», – деді Қ. Қасымовтың келіні Төлеу Нұршабаева.
Құлжабай Әбдіқалықұлы басшылық қызмет пен ғылыми жұмысты шебер ұштастыруының арқасында 200-ден астам еңбек пен 4 монография, жоғары математика бойынша 5 оқулық жазған ғалым. Шараға жиылған академиктің ізбасарлары ұстазының математика саласында елеулі жетістіктерге жеткенін мақтанышпен айтты.
«Шәкірттеріне бір зекіп, ауыр сөз айтпаған еді. Мәдениеті өте жоғары кісі болатын. Өзімен теңдей адамдай сөйлесіп, ақыл-кеңесін беріп отыратын. Ешқашан диссертация қорғаған балаларды жұмыс бітпей шығармайтын. Ол диссертацияның нәтижесіне шәкірті, аспиранттың өзі жетуі керек дейтін», – деді Қ. Қасымовтың шәкірті, профессор Мұратхан Дауылбаев.