«Өнегелі ұрпақ»: алматылықтар зейнеткерлерге ауласын ретке келтіруге көмектесіп жүр

01.05.2024 00:06

Экоакция басталғалы бері Жастар ассамблеясының мүшелері 300-ге жуық үйді аралап шықты

Алматы әкімдігі / пресс-служба акимата Алматы

Алматыдағы "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясының "Өнегелі ұрпақ" апталығы аясында еріктілер, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары алматылық зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысы мен еңбек майданы ардагерлерінің аулаларын жинауға көмектесті. Бұдан өзге тұрмыстық қоқысты сұрыптау, қауіпті қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату бойынша экожобалар іске асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көмекке зәру жанның бірі Әуезов ауданында тұратын еңбек майданының қатысушысы Александр Захаров. Қоғамдық көмекшілер ақсақалдың ауласындағы ағаштарды кесіп, аумақты жинастырды.

- Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының өкілдері "Алматы - біздің ортақ үйіміз" науқанын қолдаймыз. "Көршіңе көмектес" акциясы аясында зейнеткерлердің аула аумағын тазалап, абаттандырамыз. Еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз. Аудандық әкімдіктерде бізге көмекке мұқтаждардың тізімі берілді, - деді Алматы қаласының "Жастар Ассамблеясы" РҚБ өкілдігі төрағасының орынбасары Йылмаз Сафараул.

Бөлінген учаскеде жастар қоршауды бояп, қоқысты шығарып, арамшөп жұлып, ауланы абаттандырды.

- Мен жігіттердің келгеніне қуанып қалдым. Көп көмектері тиді. Күні бойы аулада жұмыс істеп, ескі ағаштарды кесіп, бәрін ретке келтірді. Шын жүректен алғыс айтамын, нағыз тимурлықтар, көп рахмет! Құдай дендеріне саулық берсін!- деді зейнеткер, I топтағы мүгедек Александр Захаров.

Экоакция басталғалы бері Жастар Ассамблеясының мүшелері өзге де жастар ұйымдарымен бірлесіп, 300-ге жуық үйді аралап шықты.

- Бүгінде бұл үйге біздің алты өкіліміз барды. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты еңбекқорлық рухында тәрбиелеп отыр, - деп атап өтті Еңбек ұтқырлығы жұмыспен қамту орталығының маманы Жалғас Қали.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны туралы барлық ақпарат аlmaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Сондай-ақ, веб-сайтқа қала бойынша баннерлерде, плакаттарда арнайы орналастырылған QR-код арқылы да кіруге болады.

Әлеуметтік медиа науқанының белсенді қатысушыларына арналған хэштегтер:

#АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.

Оқи отырыңыз: «Өнегелі ұрпақ»: алматылықтар ардагерлердің, жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын көркейтуге көмектесті