Алматыда рейд жұмыстары күшейтілсе де кейбір кәсіпкерлік нысандардың ережеге бағынғысы жоқ. Нәтижесінде Әуезов аудандық мониторинг тобы Төле би көшесінің бойында орналасқан компьютерлік клубтың жұмысын әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келушілер карантиндік талаптарды сақтамаған, бетперде де тақпаған. Тіпті, келесі бөлмеде отырғандардың өзі есікті ішінен құлыптап үлгеріпті. Мамандар көп ұзамай есікті ашып, жасырынып қалғандардың бәрін шығарды. Олардың арасында қыздар да бар. Одан бөлек, 18-ге толмаған жасөспірімдердің жүргені анықталды. Тексеруші топ ұсталған 60-қа жуық келушінің барлығын көлікке отырғызып, барлығын полиция басқармасына алып кетті. Ұсталғанның бәрінен жауап алынып, хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына сәйкес 87 мың теңге көлемінде айыппұл салынса, кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-аналары шақыртылды.
Кезекті нысан да карантин талаптарын өрескел бұзған. Себебі бас санитардың соңғы шыққан қаулысына сәйкес, спорт залдардың жұмысына мүлде тыйым салынған болатын. Алайда мұнда бірде бір тәртіп сақталмаған. Қазір мамандар тиісті шараларды жүргізіп жатыр.
Анықталғандай, доп ойнауға келгендердің көпшілігі карантин талаптарын білмейтін болып шықты. Амалы қалмаған мамандар оларды да полцияға бөлімшесіне жеткізді.
«Әуезов ауданы бойынша 6 мобилді топ жұмыс жасайды. 3-і күндіз, қалған 3-і түнде. Сондықтан барлық Алматы тұрғындарын үйден шықпауға және маска режимін сақтауды сұраймыз», – деді Әуезов ауданы әкімдігінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас маманы Ерасыл Өкіметов.
Статистикаға сүйенсек Әуезов ауданында жыл басынан бері 1806 кәсіпкерлік нысан тексерілген. Нәтижесінде, 193 заңды және 186 жеке тұлғаға хаттама толтырылды.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы