Мәжіліс депутаты Алматыдағы коронавирус індетімен ауырып жатқан науқастардың жағдайымен танысты

almaty.tv
almaty.tv
Мәжіліс депутаты алдымен аурухананың қоймасын тексеріп шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова Алматыдағы коронавирус індетімен ауырып жатқан науқастардың жағдайымен өзі жеке танысты. Қорғаныш костюмін киіп, Almaty.tv тілшісімен бірге Орталық қалалық клиникалық ауруханасында ем қабылдап жатқандарды өз көзімен көрді. Дәріхана қоймасындағы дәрі-дәрмек қорын тексеріп шыққан халық қалаулысы дәрігерлермен жеке сөйлесіп, оларды қандай проблемалар алаңдататынын біліп қайтты. Мұндағы Ресейден келген мамандардың біздің дәрігерлерге беріп жатқан тәжірибелік, методикалық көмегімен танысты. Тақырыпты әріптесім Сая Меңдеке тарқатады.

Күтпеген жерден келген қонақтардың сұрағына жауап бере бастаған дәрігерлер кәдімгі стационардан инфекциялық стационар жасаудың оңайға соқпағанын айтты. Жетпісінші жылдары тұрғызылған ауруханада науқастарды оттегімен қамтамасыз ету тек медициналық баллонның көмегімен жүзеге асырылып жатыр екен. Медициналық мекемеде өкпені жасанды желдету құрылғылары аздық етеді.

«Бізге қажеттінің барлығын денсаулық сақтау басқармасына жолдадық. Алдағы аптада бізге өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізіледі. Әзірге қалада бар құрылғыларды пайдаланып жатырмыз. Қазір осындай 8 аппарат жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, ауруханадағы төсек-орнын ұлғайту бойынша қосымша жұмыстар атқарылуда. Көбірек науқас қабылдау үшін біз қазір қайта жөндеу жұмыстарын жасап жатырмыз», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Гүлнар Құлқаева.

Мәжіліс депутаты алдымен аурухананың қоймасын тексеріп шықты. Ол вирусқа қарсы тұратын дәрілер мен қанды сұйылтуға арналған дәрі-дәрмектердің жеткілікті екенін айтты. Мұнда ақ халаттылардың күнделікті киетін қорғаныш киімдері де артығымен сақталыпты.

Халық қалаулысымен бірге медициналық мекемедегі 4 бөлімшені біздің арнаның тілшісі де аралап шықты. Олар бірнеше палатаға кіріп, науқастармен сөйлесті. Мұндағы науқастардың жағдайын өз көзімен көрді.

Оқиға болған жерден:

– 10 шақты күн болды жатқаныма. 75 пайыз қабынған. Алып барып, кислородка жатқызып, дем береді.

– Қандай сұрақтарыңыз бар?

– Бұл кісілерге Алла разы болсын!

Реанимациялық бөлімшедегі 12 орындық палатада 17 адам жатыр. Сол себепті қазір қосымша төсек-орнын қарастыру мәселесі қолға алынды. Депутат одан бөлек, кадр тапшылығы түйткілін айта келе, реанимациялық бөлімнің материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігін ескертті.  

«Барлық жұмыс нақты қойылған. Біз ешкімге айтпай келдік, қасымызда Денсаулық басқармасынан, әкімдіктен де ешкім жоқ. Науқастар шындықты айтады. Алғыстан басқа ешнәрсе айтқан жоқ. Тіпті 2-3 науқасты көрдік. Өкпесі 100 пайыз замқымданған екен. Солардың бетін бері қаратып, ем көрсетіп, жай палатаға шығарған. Біз өте қуаныштымыз бұған», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.

Аурухананың қабылдау бөлімінде сәуір айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Санжар Салиханұлының отбасын, жақындарын көрмегеніне 3 ай болыпты. Күнделікті жеткізілетін ауыр науқастарды қабылдап, бөлімшелерге жеткізетін де осы жандар.  

«Ауыр науқастарды бөлімшелерге жатқызамыз. Оларға көмек жасаймыз, зерттейміз. Анализдер аламыз, компьютерлік тамографияға түсіреміз. Қай науқас қай бөлімге жату керек, соны бөлеміз. Үйдегілерді сағынамыз, көргіміз келеді. Мерекелерді өзіміздің отбасымызбен бірге қарсы алғымыз келеді», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері Санжар Ташаев.

Аурухананың бүгінгі пандемия жағдайында атқарып жатқан жұмысын өз көзімен көрген атқамінер енді мұндағы жағдайды Мәжілісте қозғап, қандай да бір ұсынысын жеткіземін деп сендірді.

Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров